Өскеменде Абай мерейтойында ұлы ақынға тағзым жасалды

Өскемен 10-08-2025, 16:01

Өскемен қаласында ұлы ойшыл, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында облыс басшылығы мен қоғам қайраткерлері, өңірдің белсенді ақсақалдары мен қала жұртшылығы еңселі Абай ескерткішінің алдына жиналып, ұлы тұлғаға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Орталық алаңда Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспапты оркестрінің орындауында Ұлы Абайдың әндері қалықтап, мерекенің ажарын аша түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойы республика көлемінде ғана емес, шетелдерде де жоғары деңгейде аталып өтуде. Ұлы ақынның рухани мұрасы әлемнің түкпір-түкпірінде насихатталып, қазақ әдебиетінің асыл қазынасы кеңінен дәріптеліп келеді.

–    Шығыс Қазақстан облысында да жыл басынан бері Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған рухани-танымдық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар легі өткізілуде. Өскемендегі Абай ескерткіші жаңартылып, өңір тұрғындарының бас қосатын абзал мекеніне айналды. Сонымен қатар, «Абайға құрмет» акциясы аясында Шығыс жұртшылығы атынан Абай облысына саябақ сыйға тарту және оны толықтай абаттандыру жоспарланған,- деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар.

Бұл игі істердің барлығы – тек мерейтойды атап өту үшін ғана емес, ең алдымен, ұлттық санамызды жаңғыртып, рухани дамуымызға серпін беру мақсатында жүзеге асуда. Өйткені, ұлы Абайдың шығармалары – уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, әр дәуірде өзекті бола беретін рухани бағдаршам.

Абай поэзиясының алтын арқауы – ұлттық болмысымыз, тарихи жадымыз, адамгершілік құндылықтарымыз. Сондықтан да ақынның әрбір мерейтойы бізге тың серпін, жаңа биіктерге жетелейтін күш береді. Ұлы ойшылдың кемеңгер сөздерін парақтаған сайын, біз өзіміздің де, қоғамның да артықшылығы мен кемшілігін айқындаймыз.

Абай жек көрген кемшіліктерден арылып, мақтаған мінездерімізді дамыта түскенде ғана еліміз өркендейді. Сол үшін ақын шығармаларын оқып қана қоймай, оны санамызға сіңіріп, өмірлік ұстанымымызға айналдыру – әр қазақтың парызы.
Ұлы Абай – бүкіл қазақ халқының мәңгілік шамшырағы, ұлттық бағыт-бағдарының темірқазығы. Ғасырлар өтсе де, ұрпақ ауысып жатса да, дана ақынға деген құрмет ешқашан кемімек емес.
Абай ауданының Құрметті азаматы, өңірге танымал дәрігер Рая Жанғалиева жиналғандарды құттықтап, Абайдың Гетеден аударған «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінен неміс, қазақ және орыс тілдерінде үзінді оқып берді. Басқа да қала тұрғындары ортаға шығып, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен үзінді оқып, ақынның асыл мұрасын көпшілікке паш етті.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар