Өскеменде Халықаралық дирижерлер форумы өтуде
Өскемен
4-07-2025, 17:12

Өскемен қаласында 3–6 шілде аралығында ТМД елдерінің кәсіби дирижёрлерінің қатысуымен Халықаралық дирижерлер форумы өтуде. Аталған шара халқымыздың рухани құндылығы – Ұлттық Домбыра күніне орай ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте мәлімдеді.
Форум халық аспаптарында орындау өнеріндегі тәжірибе, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, тек музыкалық қана емес, сонымен қатар білім беру, қоғамдық және мәдени-дипломатиялық маңызы бар ауқымды шара болып саналады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – дирижерлік мектептің дәстүрлерін сақтау мен дамыту, шетелдік музыканттармен кәсіби байланысты нығайту, ұлттық музыка өнерін кеңінен насихаттау және жас орындаушыларды қолдау.
Форум бағдарламасына келесі шаралар енді:
• 3 шілде – «Қазақ халық аспаптары оркестрлерінің репертуарлық мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел (Shygys Creative Hub);
• 3 шілде – Музыканттарға арналған дирижерлердің шеберлік сабақтары (ШҚО филармониясы);
• 4 шілде – «Дирижерлер парады» атты гала-концерт (ШҚО филармониясы);
• 6 шілде – Облыстың үздік күйшілерінің күй-тартысы және кәсіби музыканттар мен қала тұрғындарының бірлескен музыкалық челленджі (Арбат пен саябақ алаңында).
Форумға қатысушылар қатарында:
• Жалғасбек Бегендіков – Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері.
• Бақтыбек Тіленгенов – Қырғыз Республикасының халық әртісі, Қырғызстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Бішкек қаласы мэриясының Үлкен симфониялық және халық аспаптары оркестрлерінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі.
• Владимир Кончев – Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Алтай Республикасы Мемлекеттік оркестрінің дирижері және көркемдік жетекшісі.
• Дәурен Ғылымов – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның Құрметті азаматы, «Алтын таяқша» иегері, ЮНЕСКО-ның мәдениет өкілі.
• Талғат Каримов – Қазақстаның Еңбек сіңірген қайраткері, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының Рүстембек Омаров атындағы оркестрінің бас дирижері.
• Қайырлы Ғафуров – ҚР Мәдениет қайраткері, Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Сегіз сері» атындағы оркестрінің бас дирижері.
• Берік Оразалин – Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы, Назымбек Молдахметов атындағы оркестрдің бас дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты.
• Әли Сапарбек – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық оркестрінің дирижері, республикалық байқаулардың дипломанты.
• Шалқар Ырысханұлы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері.
• Ержан Қасымханов – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері.
• Айсур Нонуков – Халықаралық фестивальдар мен байқаулардың лауреаты, Ресей Федерациясы Алтай Республикасы Мемлекеттік оркестрінің солисті.
- Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды бастама болмаған. Өңірімізге түрлі аймақтардан және шетелден кәсіби дирижёрлер келіп отыр. Біз бұл мүмкіндікті пайдаланып, Домбыра күні аясында тек форуммен шектелмей, аудандар мен ауылдарда да шеберлік сағаттарын өткізіп жатырмыз, - деді Самат Қасенов.