ШҚО-да 7 заманауи мектеп ашылады

Шығыс Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыс «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрылысы жүріп жатқан жеті заманауи мектептің жалпы сыйымдылығы – 3 мың оқушы орны. Бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып, білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Бүгінгі таңда Шемонаиха, Риддер, Өскемен қалаларында және Белоусовка кентінде (Глубокое ауданы) бес жаңа оқу орны пайдалануға берілді. Соның ішінде Шемонаиха ауданындағы Шәкәрім атындағы №4 жалпы білім беретін мектеп пен Риддер қаласындағы №12 мектептің оқушылары тозығы жеткен ескі ғимараттардың орнына салынған жаңа мектептердің табалдырығын алғаш рет аттады.
Қалған үш мектеп – Өскемендегі №31 және №40 жалпы білім беретін мектептер, сондай-ақ Глубокое ауданындағы Белоусовка №2 жалпы білім беретін мектебі лицензиялау және қажетті құжаттарды рәсімдеу сатысында. Олар жуық арада өз есігін оқушыларға ашады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылындағы мектептің және Өскемен қаласындағы Есенберлин көшесінде орналасқан №41 жалпы білім беретін мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл нысандар болашақ ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру үшін қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы – бұл тек жаңа мектептердің құрылысы ғана емес, заман талаптарына сай қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі тәсіл. Аталған жобаның Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылуы – өңір болашағына қосылған маңызды үлес. Өйткені сапалы білім – тұрақты дамудың негізгі іргетасы.
Дамир Омаров
Фото: ШҚО білім басқармасы