Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталмақ - ШҚО

2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында елімізде ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы туралы толық ақпарат жинау және аграрлық сектордың дамуына болжам жасау мақсатында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Департамент басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы тіркелімі — саланың құрылымы, ресурстары мен қазіргі жағдайы туралы нақты әрі жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Санақ екі кезеңде өткізіледі:
- 1–31 тамыз аралығында — sanaq.gov.kz порталында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бұл кезеңде респонденттер санақ парақтарын өздері толтыра алады;
- 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында — офлайн кезең. Бұл кезде интервьюерлер планшет арқылы елді мекендерді аралап, онлайн-сауалнамаға қатыспаған үй шаруашылықтарын қамтиды.
Санақты жүргізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссия арқылы жүзеге асырылады.
Маусым айында Шығыс Қазақстан облысының бес қаласында алдын ала аралау (листинг) жүргізіліп, санаққа қатысатын субъектілердің тізімі нақтыланбақ.
Санаққа келесі субъектілер қатысады:
- Егіншілік, мал шаруашылығы және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен фермерлік шаруашылықтар;
- Мал ұстайтын, бау-бақша егетін немесе жеке қосалқы шаруашылығы үшін жер телімі бар үй шаруашылықтары.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша 92 мыңнан астам үй шаруашылығы мен шамамен 9,8 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қамтылмақ. Санақты жүргізуге өңір бойынша 150-ден астам интервьюер тартылатын болады.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қолжетімді өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Сонымен қатар sanaq.gov.kz сайтында Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісі жұмыс істейді және 1446 бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.
Фото: pixabay.com