Сенбілік жәрмеңке - тау мен балдың төрінен Өскеменге өнім сатылды

Үлкен Нарын экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,4 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 133,3 пайыз болды. Бұл – облыс бойынша екінші орын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері меншіктің барлық нысандарындағы шаруашылықтарда 792 тонна ет, 3,5 мың тонна сүт, 478 мың дана жұмыртқа өндірілді. Жыл сайын аудандағы 1 марал шаруашылығында 150 кг консервіленген панты өнімі, 240 омарта шаруашылығында 300 тонна бал және 7 жылқы шаруашылығында 35 тонна қымыз өндіріледі.
Аудан бойынша 2024–2025 жылдардағы мал қыстату науқанынан 24,5 мың бас ірі қара, 43,2 мың бас қой мен ешкі, 13,5 мың бас жылқы және 780 марал аман шықты.
Маманның айтуынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 6 ауылдық округтің шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері әртүрлі ассортименттегі өнімдерді саудалауға жеткізді. Оның ішінде: 720 кг жылқы еті, 1,8 тонна сиыр еті, 300 кг қой еті, әртүрлі сұрыптағы бал, 300 литр күнбағыс майы, қымыз, картоп, сүт және сүт өнімдері, сары май және тағы басқа өнімдер бар. Мұндағы тауарлар нарықтық бағадан 15–18 пайызға төмен бағамен саудалануда.
Табиғи әрі экологиялық тұрғыдан таза өнімдері мол Үлкен Нарын ауданының жәрмеңкесін Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары үнемі асыға күтеді.