ШҚО тұрғындары фискалдық чектер үшін 100 мың теңге ұта алады

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылғы 1 мамырдан бастап бүкіл ел бойынша өтетін «Бәйге» атты жаңа акцияның басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл акция азаматтардың салықтық мәдениетін арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Науқанға қатысу үшін тұтынушылар «Amian» мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған тауарлар, көрсетілген қызметтер немесе атқарылған жұмыстар үшін берілген фискалдық чектерді тіркеуі қажет.
Акция үш кезең бойынша, тоқсан сайын өткізіледі:
1-кезең: 1 мамырдан 30 маусымға дейін;
2-кезең: 1 шілде – 30 қыркүйек аралығы;
3-кезең: 1 қазан – 31 желтоқсан аралығы.
Әр кезеңнің қорытындысы бойынша әр өңірден бір жеңімпаз анықталып, 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болады. Жалпы, бір тоқсанда 20 жеңімпаз (облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан) марапатталады.
Мемлекеттік кірістер департаменті барлық азаматтарды тұтынушы ретіндегі құқығын қорғап, бақылау-кассалық машиналардан берілетін чектерді талап етуге әрі тіркеуге шақырады.