ШҚТУ QS 2027 рейтингінде әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін растады

QS (Quacquarelli Symonds) халықаралық талдау агенттігі жоғары оқу орындарының ең беделді әлемдік рейтингтерінің бірі саналатын QS World University Rankings 2027 нәтижелерін жариялады.

Биылғы бағалауға әлемнің 106 елінен 8467 университет қатысты. Қорытынды рейтингке 1501 жоғары оқу орны енді. Университеттер білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу қызметі, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, интернационалдандыру деңгейі және тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі сияқты көрсеткіштер бойынша бағаланды.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті рейтингке енген жоғары оқу орындарының қатарынан көрініп, әлем бойынша 1036-орынды иеленді және #1001–1200 аралығындағы топқа орналасты.

Қазақстан жоғары оқу орындары арасында ШҚТУ тоғызыншы орынға тұрақтады. Қатысушылар санының артуы мен халықаралық бәсекелестіктің күшеюіне қарамастан, университет жаһандық рейтингтегі өз позициясын үшінші жыл қатарынан сақтап келеді.

Рейтинг деректеріне сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда университет бірқатар көрсеткіштер бойынша нәтижелерін жақсартқан. Ең жоғары өсім шетелдік оқытушылар үлесі (+83%), түлектердің жетістіктері (+75%), шетелдік студенттер үлесі (+55%), жұмыс берушілер арасындағы беделі (+25%) және тұрақты даму көрсеткіші (+21%) бойынша тіркелді.

Университет өкілдерінің айтуынша, оң динамика халықаралық ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады.

QS World University Rankings рейтингі жыл сайын әлемнің жетекші университеттерінің қызметін бағалайды және жоғары білім беру сапасын айқындайтын ең ықпалды халықаралық бағалау құралдарының бірі саналады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter