#Жаңалықтар / Өскемен
Жарық көше, тегіс асфальт және жайлы аула: «Әділет» партиясының үміткері халықпен бірлескен бақылау орнатпақ
8-11-2026, 11:00
Жайлы қала - бұл ең алдымен таза аула, қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолы және жарқыраған көшелер. «Әділет» партиясы атынан қалалық мәслихат сайлауына түсіп жатқан Ринад Ахметжанов сайлаушылармен жүздесу барысында осы базалық қажеттіліктерді қамтамасыз етудің нақты тетіктерін түсіндірді.
Оның айтуынша, қала ішіндегі қордаланған мәселелердің шешілмеуі көбінесе ақпараттың жетіспеушілігінен туындайды. Сондықтан депутаттық қызметтің ең басты міндеті – әр ауданның тасада қалған проблемасын жарыққа шығару.
«Ауданымыздың бізге беймәлім, көзден таса мәселелері болуы мүмкін. Дәл осыны анықтау мақсатында біз азаматтармен бетпе-бет кездесулер өткізіп жатырмыз. Ауланы абаттандыру, жарықтандыру, тротуар салу немесе асфальттау сияқты жұмыстардың барлығы қаланың тікелей міндеті. Егер осы мәселелерді сіздермен бірге ақылдасып, жыл сайын нақты жоспар құратын болсақ, алдағы 5 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдімін», - деп атап өтті Ринад Ахметжанов.
Үміткердің ұсынып отырған стратегиясы қарапайым әрі тиімді: халық көрсетеді, ал партия мен билік орындалуын жоспарлап, жүзеге асырады. Бұл бастама алдағы уақытта қаланың инфрақұрылымдық дамуына үлкен серпін бермек.



