Ринад Ахметжанов: «Халықпен бірлесіп жоспар құрсақ, 5 жылда үлкен жетістікке жетеміз»
«Әділет» партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Ринад Ахметжанов қала тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тыңдады. Ашық диалог форматында өткен жиынның басты мақсаты – әр ауданның тасада қалып келген түйіткілді мәселелерін халықтың өз аузынан есту және оны шешудің нақты жолдарын бірлесе қарастыру.
Кездесу барысында үміткер қала инфрақұрылымын дамытудағы тұрғындардың рөліне ерекше тоқталды.
«Басты мәселе – осы ауданымыздың білмей жатқан мәселелері бар шығар, сондықтан соны білу үшін осылай азаматтармен кездесіп жатырмыз. Ауланы абаттандыру, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, асфальттау деген секілді барлық мәселелер ол өзіміздің қаланың құзырындағы мәселелері. Осыны сіздермен шешіп, жыл сайын жоспарлап отырсақ, 5 жылдың көлемінде бірігіп үлкен жетістікке жетеміз деген үміттемін», - деді Ринад Ахметжанов.
«Әділет» партиясының үміткері депутаттық қызметтің тиімділігі кабинеттегі есеппен емес, халықпен тікелей байланыс орнатумен өлшенетінін алға тартады. Оның айтуынша, жайлы қала ортасын қалыптастыру – көшелерді жарықтандырудан, қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолын салудан және аулаларды абаттандырудан басталады. Бұл жұмыстарды жыл сайын жүйелі түрде әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып жоспарлау арқылы ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Жиын соңында тұрғындар үміткерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ауданды дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын табыстады.



