Отбасы – қоғамның негізі: жаңа Конституциядағы маңызды құндылық
Жаңа Конституцияда отбасы институтын қорғауға ерекше мән берілген. Ата Заңның 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны нақты жазылған. Бұл отбасының қоғам өміріндегі орнын және ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын конституциялық деңгейде бекітеді.
Конституцияда неке ер мен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Мұнда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі мен тең құқығы негізгі қағидат ретінде көрсетіледі.
Бұдан бөлек, Ата Заңда балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті екені белгіленген. Бұл баланың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай қалыптастыруда отбасының жауапкершілігін көрсетеді. Ал кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауы міндеттелген.
Отбасы құндылықтарының Конституцияда бекітілуі ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілікті нығайтуға негіз болады. Өйткені берік отбасы – өзара құрмет пен қамқорлыққа сүйенетін қоғамның маңызды тірегі.
