Жаңа Конституцияда табиғатты қорғауға ерекше мән берілген
Таза қоршаған орта – адам денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан табиғатты сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың да жауапкершілігіне жатады. Қазақстанның жаңа Конституциясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғи байлықты қорғауға айрықша мән берілген.
Ата Заңның 3-бабында жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Ал 37-бапқа сәйкес, Қазақстан азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.
Сонымен бірге мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаға зиян келтірмеу және экологиялық қауіпсіздікті сақтау мәселелерінің маңызын айқындайды.
Конституцияда адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін фактілер мен мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруына жол берілмейтіні де көрсетілген. Мұндай әрекеттер заңға сәйкес жауаптылыққа әкеледі.
Жаңа Конституцияның бұл нормалары экологиялық жауапкершілікті қоғамның ортақ құндылығына айналдыруға бағытталған. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және келешек ұрпаққа табиғи байлықты сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті.
