#Жаңалықтар / Қоғам
Азаматтық айналымдағы жасанды интеллект: келтірілген зиян үшін жауапкершілікті айқындаудың жаңа тәсілдері
20-11-2026, 18:14
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Реформаның маңызды бағыттарының бірі жасанды интеллект технологияларының кеңінен қолданылуын ескере отырып, азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің тиімді тетіктерін қалыптастыру болуға тиіс деп санаймын.
Жасанды интеллект кәсіпкерлік қызметте, қаржылық қызмет көрсетуде, саудада, деректерді өңдеуде және түрлі қызметтерді ұсынуда кеңінен қолданыла бастады. Бұл ретте осындай жүйелердің көмегімен қабылданатын шешімдер азаматтар мен ұйымдардың мүліктік мүдделері мен құқықтарына тікелей әсер етуі мүмкін.
Мұндай жағдайда маңызды құқықтық мәселе туындайды: жасанды интеллект жүйесін қолдану нәтижесінде зиян келтірілсе, ол үшін кім жауап береді? Шешімнің автоматтандырылған жүйе арқылы қабылданғанын көрсету тиісті құқықтық қатынастарға қатысушыларды жауапкершіліктен босатуға өздігінен негіз бола алмайды.
Құқықтық баға беру кезінде жүйені кім әзірлегенін, оны кім пайдалануға енгізгенін, қолдану шарттарын кім айқындағанын және оның жұмысын кім бақылағанын ескеру қажет. Сонымен қатар тиісті тұлғаның әрекеті, технологияны қолдану және туындаған зиян арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау маңызды.
Менің пайымдауымша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында автономды және өздігінен үйренетін жүйелерді қолдануға байланысты жағдайларда зиянды өтеу жөніндегі қолданыстағы жалпы нормалардың жеткіліктілігін бағалау қажет. Атап айтқанда, жүйені әзірлеуші, жеткізуші, оператор және технологияны тікелей пайдаланушы арасындағы жауапкершілікті олардың функциялары мен бақылау мүмкіндіктеріне қарай бөлу мәселесін қарастырған жөн.
Сонымен бірге жасанды интеллектіні қолдану нәтижесінде зиян келтірілген барлық жағдайда жауапкершілікті автоматты түрде әзірлеушіге жүктеу дұрыс емес. Құқықтық баға беру кезінде құқық бұзушылықтың сипаты, заңда көзделген жағдайларда кінәнің болуы, себеп-салдарлық байланыс және әрбір қатысушының нақты рөлі ескерілуге тиіс.
Осылайша, азаматтық заңнаманың міндеті — зардап шеккен тұлғалардың құқықтарын тиімді қорғаумен қатар, жаңа технологиялардың дамуы мен енгізілуіне негізсіз кедергілер туғызбау. Жауапкершілікті бөлудің нақты әрі түсінікті қағидалары цифрлық шешімдерге деген сенімді арттырып, жаңа экономикалық қатынастардың құқықтық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
