Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттігі Конституцияда айқындалды
Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде белгіленді. Оның мәртебесі, құрамы мен негізгі өкілеттіктері Конституцияның 70 және 71-баптарында көрсетілген.
Конституцияның 70-бабына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады. Кеңесті құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелері конституциялық заңмен реттеледі.
Ал 71-бапта Кеңестің негізгі міндеттері мен өкілеттіктері айқындалған. Атап айтқанда, ол мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтуға, елдің негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бастамаларды ұсынады.
Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесіне Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығы берілген. Бұдан бөлек, Кеңес конституциялық заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға, халық мүддесін білдіруге және елдің ішкі саясатына қатысты ұсыныстар әзірлеуге бағытталған консультативтік орган болып табылады. Оның қызметінің нақты тәртібі конституциялық заңмен айқындалады.
