Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі мен өкілеттіктері Конституцияда белгіленген

Қазақстан Республикасының Конституциясындағы 63–69-баптар Үкіметтің мәртебесін, құрылу тәртібін, негізгі міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.

Конституцияның 63-бабына сәйкес, Үкімет еліміздегі атқарушы билікті жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметін үйлестіреді. Үкімет алқалы орган ретінде өз қызметінде Президент пен Құрылтай алдында жауапты болады.

64-бап бойынша Үкіметті Президент Конституцияда белгіленген тәртіппен құрады. Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы жөнінде Президентке ұсыныс енгізеді. Үкімет мүшелері халық пен Президентке ант береді.

Үкіметтің негізгі міндеттеріне мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын әзірлеу және іске асыру, республикалық бюджеттің орындалуын қамтамасыз ету, заң жобаларын Құрылтайға енгізу, мемлекеттік меншікті басқару, сыртқы саясат шараларын әзірлеу және орталық әрі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық ету кіреді.

Премьер-Министр Үкіметтің жұмысын ұйымдастырып, басқарады және оның қызметіне дербес жауап береді. Ал Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде шешім қабылдап, өздеріне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін жауапты болады.

68-бапқа сәйкес, Үкімет өз құзыреті шегінде бүкіл Қазақстан аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады. Премьер-Министр де міндетті күші бар өкімдер қабылдайды. Бұл актілер Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне қайшы келмеуге тиіс.

Сонымен қатар, 69-бап Үкіметтің өкілеттігін тоқтату және орнынан түсу тәртібін белгілейді. Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін доғарады. Сондай-ақ Үкіметтің орнынан түсуі, сенімсіздік вотумы және Президенттің өкілеттікті тоқтату туралы шешімі оның қызметіне әсер етеді.

Осылайша, Конституцияның аталған баптары Үкіметтің мемлекеттік басқарудағы рөлін, оның жауапкершілігін және атқарушы билік қызметінің құқықтық негіздерін айқындайды.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter