Өскемен қаласының әкімі ардагерлермен жаңа Конституция жобасын талқылады


Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов ардагерлердің бастауыш ұйымдары төрағаларының активіне қатысып, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді.

Кездесу барысында шаһар басшысы қаланың даму барысы мен алдағы жоспарларды да талқыға салды.

Қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша «Алтай» көтерме-тарту орталығы ашылды, одан бөлек қаланың әр ауданында сенбі күні жәрмеңке өткізу дәстүрге айналды. Көптің көңілінен шықпайтын мәселелердің бірі – тозығы жеткен қоғамдық көлік болатын. Қазір қолға алып, былтыр 45 автобус және 14 шағын автобус сатып алынды, 3 трамвай жаңартылды. Қыркүйектен бастап 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қоғамдық көлікпен тегін қатынайтын болды. Бұл жұмыстар осымен тоқтап қалмайды, биыл тағы 12 электробус алуды жоспарлап отырмыз, —  деді Алмат Ақышов.
Сондай-ақ сөз соңында жаңа Конституция жобасын талқылап, ардагерлерді 15 наурызда өтетін саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.

Әлемде 35 жылдың ішінде 60 ел өз Конституциясын қайта қабылдаса, 110 елде өзгеріс енгізген. Яғни, уақыт өтіп, заман дамыған сайын Ата Заңымызға толықтыру мен өзгерістер енгізіліп отыруы керек. Бұл еліміздің дамуы, ұрпақтарымыздың болашағы үшін де маңызды. Саяси науқанда әр азамат қалай дауыс беретінін өзі шешеді. Тек бей-жай қарамай, өз таңдауын жасау маңызды, — деді шаһар басшысы.
Жаңа Конституция жобасымен толық танысқан қариялар да бұл тұрғыда өз пікірлерін білдіріп, қолдау көрсетті.

Мәселен, ШҚО прокуратура органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғазиз Найзабаев енгізілген өзгеріс­тер­дің құқық саласы үшін де маңызы өте зор екенін атап өтті.

Жаңа Конституция жобасының бірінші бөліміндегі баптың дені азаматтардың құқықтары мен бостандықтары,  міндеттерімен байланысты. Кез келген тұрғын заң жүзінде өз құқығын білуі, оны қолдануы керек. Сондықтан әр ортада Конституцияның негізгі бағыттары, оның ішінде саяси және әлеуметтік-құқықтық өзгерістер түсіндірілген дұрыс,  — дейді ол.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter