#Өскемен / Жаңалықтар
Биыл Өскеменде 20 аула жаңартылады
2-02-2026, 15:30
Өскеменнің «ескі қала» бөлігінде жаңа автотұрақтар пайда болады: аулаларды іріктеу басталады
Өскеменде «ескі қала» аумағындағы аулаларда автотұрақ орындарын кеңейту бағдарламасын іске асыруға дайындық басталды. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қолданыстағы заңнама аясында іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Бағдарлама аясында аулаларды іріктеудің регламенті, критерийлері мен кезектілігі бекітіліп, тұрғындардың өтінімдерін қарайтын арнайы жұмыс комиссиясы құрылады.
Бағдарламаға қатысудың негізгі шарттарының бірі — пәтер иелерінің белсенді ұстанымы. Тұрғындар аула аумағын абаттандыруды келісіп, жер учаскесін жалға рәсімдеуді қоса алғанда, аумақты әрі қарай күтіп-ұстау міндеттемесін өз мойнына алуы тиіс.
Өтінім беру үшін жер учаскесінің мәртебесін нақтылау қажет, егер жалға алу рәсімделмеген болса — оны белгіленген тәртіппен рәсімдеу, меншік иелерінің жалпы жиналысын өткізу және тиісті құжаттар пакетін дайындау керек. Құжаттар Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі 27, 302-кабинетте орналасқан ТҮКШ бөліміне қабылданады.
Өтінім тапсырылғаннан кейін ТҮКШ және жер қатынастары бөлімдерінің мамандары эскиздік жобаны келісіп, инженерлік желілерді ескере отырып, автотұрақтарды кеңейту шекараларын нақтылайды. Соңғы шешім бекітілген бюджеттік қаржы шеңберінде жұмыс комиссиясымен қабылданады.
Алғашқы кезеңде бағдарламаға 20 аула енгізу жоспарланып отыр.
