#Шығыс Қазақстан / Білім және ғылым
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМЫ «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
23-01-2026, 16:11
Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты дарынды әрі талапты жастардың тың идеяларын қолдауға бағытталған. Осы уақытқа дейін бастама 123 қазақстандық жастың жобасын іске асыруына мүмкіндік берді.
2026 жылғы 22 қаңтарда Астана қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 30 үздік жобаның авторына әрқайсысы 3 миллион теңге көлеміндегі грант сертификаты салтанатты түрде табысталды. Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.
Осы мәртебелі жеңімпаздар қатарында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілі — «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Дастан Буйткенов бар. Ол «Ғылым» бағыты бойынша республикалық грант иегері атанды.
Бұл жетістік - Аманжолов университетіндегі ғылымның нақты секторлармен үндесіп, өңірлік зерттеулердің ұлттық деңгейде мойындалып отырғанының айқын дәлелі. Университет ұжымы үшін бұл - бір ғана жеңіс емес, зияткерлік әлеуетті күшейтіп, қолданбалы зерттеулерді қолдау арқылы өңір дамуына қызмет ету бағытының берік нәтижесі.
Аманжолов университеті жас ғалымдарды қолдау, ғылыми мектептерді нығайту және зерттеулерді ел қажетіне жарату ісін жүйелі түрде жалғастыра отырып, Қазақстан ғылымының бәсекеге қабілетті болашағына үлес қоса береді.


