Елордада Халықаралық волонтерлер жылы бойынша Ұлттық комитеттің алғашқы отырысы өтеді

Бүгін елімізде Халықаралық волонтерлер жылына дайындық және оны өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл оқиға волонтерлік қозғалыстың тек Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде дамуына серпін беретін жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыс – стратегиялық көзқарастарды қалыптастыру, күш-жігерді үйлестіру және кешенді іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу алаңы болады. Күн тәртібінде – еліміздегі волонтерлік қызметтің ауқымы мен сапасын арттыруға бағытталған негізгі бағыттар, бастамалар мен жобаларды талқылау жоспарланған.
Отырыста БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктердің өкілдері қатысады. Жиын волонтерлік әлеуетті дамытуға арналған алдағы халықаралық және ұлттық іс-шараларға бағыт-бағдар бермек.
Министрлік өкілдері Қазақстанда волонтерлік қызметтің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде елімізде 755 волонтерлік ұйым тіркелген, ал волонтерлік қызметке тартылған азаматтар саны 275 мыңнан асады. Волонтерліктің басты бағыттары – қарттар мен жалғызбасты адамдарға көмек көрсету, қиын жағдайға тап болған жандарды қолдау, экологиялық жобалар және төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысу.
Қазақстанда мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі қалыптасқан. Волонтерлердің қызметін заңнамалық тұрғыда қолдау мақсатында «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданып, 2026 жылға дейінгі волонтерлікті дамыту жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл құжаттар мемлекет, қоғам және волонтерлер арасындағы тұрақты өзара іс-қимылдың негізін қалайды. Сонымен қатар, волонтерлік бастамаларға мониторинг жүргізіп, қолдау көрсететін Ұлттық фронт-офис те маңызды рөл атқарады.
Мұндай қызметті үйлестіру үшін Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы жұмыс істейді. Ол волонтерлер мен ұйымдарды біріктіріп, жобалар мен бастамалар туралы ақпарат таратады және қатысу мүмкіндігін ұсынады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын.
Фото: pixabay.com