Өскеменде Қазақстан Халық кеңесінің жұмысы және Жаңа Конституция мәселелері талқыланды

 

Өскемен қаласында «Қазақстан Халық кеңесі – халық пен билік арасындағы ұлттық диалог алаңы» атты кездесу өтті. Жиынға университет студенттері, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және қала белсенділері қатысты.


Кездесудің негізгі мақсаты – жаңадан құрылған Қазақстан Халық кеңесінің міндеттері мен жұмыс тәртібін түсіндіру, оның азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтудағы рөлін талқылау болды. Сонымен қатар жиын барысында еліміздегі конституциялық реформалар, соның ішінде Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен қоғам үшін маңызы жөнінде пікір алмасу өтті.


Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев өз сөзінде Қазақстандағы қоғамдық-саяси жаңғыру үдерістеріне тоқталып, жаңа институттың конституциялық мәртебесіне назар аударды.


«Мұндай институттың құрылуы мемлекетіміздің қоғам мен мемлекет, өңірлер мен орталық, сондай-ақ әртүрлі кәсіби және әлеуметтік топтар арасында ашық әрі мазмұнды диалог жүргізуге арналған тұрақты алаң қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.


Оның айтуынша, кеңес құрамына әртүрлі әлеуметтік және кәсіби орта өкілдерінің енуі өңірлердегі мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік береді.


«Бұл еліміздің әр өңірі тұрғындарының пікірін ескеруге және халықты жергілікті жерде тікелей толғандыратын мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді», – деді Айдар Серқазыұлы.


Кездесу барысында Жаңа Конституцияға қатысты мәселелер де талқыланып, азаматтардың конституциялық өзгерістер туралы пікірлері мен сұрақтарына назар аударылды. Қатысушылар жаңа конституциялық нормалардың қоғам өміріне ықпалы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік институттардың өзара байланысы және қоғамдық диалогтың маңызы жөнінде ой бөлісті.


Айдар Садырбаев өңірдегі қоғамдық келісім институттарының жұмысына да тоқталды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 8 Достық үйі, 74 этномәдени бірлестік, 114 аналар кеңесі, 115 ақсақалдар кеңесі және 8 медиация орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар журналистер, меценаттар, жас ғалымдар клубтары мен «Ассамблея жастары» жастар қозғалысы қызмет етеді.


Облыс әкімінің орынбасары бұл құрылымдарды қоғамдық диалогты дамытуға ықпал ететін маңызды ресурс ретінде атап өтті.


Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Денис Рыпаковтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан кеңес құрамына үш адам енген. Ел көлемінде 126 мүшеден тұратын жаңа институт қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалог алаңына айналуы тиіс.


«Қазақстан Халық кеңесі – Мемлекет басшысы құрған жаңа алаң, жаңа институт. Ол халық пен атқарушы билік арасындағы диалогты қамтамасыз етуге арналған», – деді Денис Сергеевич.


Оның сөзінше, кеңес жұмысы барысында тұрғындарды толғандыратын мәселелер көтеріліп, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар мен заңнамалық бастамалар тиісті деңгейде жеткізіледі. Бұл ретте жаңа институт Құрылтайдың орнын алмастырмай, онымен қатар жұмыс істеуге бағытталған.


«Біз Құрылтайға бәсекелес болмаймыз, керісінше бірге, біртұтас бағытта жұмыс істеп, шын мәнінде бар мәселелерді шешуге күш саламыз», – деді кеңес мүшесі.


Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Вера Правдина кездесудің түсіндіру сипатында өткенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа институттың жұмысымен қатар, азаматтардың өз ұсыныстары мен талаптарын мемлекеттік органдарға жеткізу тетіктерін түсіндіру де маңызды.


«Қазақстан Халық кеңесі – халықтың еркі мен мұң-мұқтажын мемлекеттік органдарға, Парламентке жеткізетін байланыстырушы буын», – деді Вера Николаевна.


Правдинаның пікірінше, қоғамда жаңа институттың құрылуына байланысты түрлі сұрақтардың туындауы заңды. Сондықтан алғашқы кездесулердің бірі студенттермен, этномәдени бірлестіктермен және қала активімен ұйымдастырылып, кеңестің алдағы жұмысы мен елдегі конституциялық өзгерістер туралы ашық әңгімеге арналды.


Кездесу барысында студенттер мен қатысушылар Қазақстан Халық кеңесінің қызметі, оның қоғаммен байланысы, азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік деңгейде қарау мүмкіндіктері және Жаңа Конституцияға қатысты мәселелер жөнінде сұрақтар қойды.


Жиын соңында спикерлер қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, қоғамдық диалогты одан әрі дамыту, азаматтардың пікірін ескеру және конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндіру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.


 
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter