ШҚТУ ГЕРМАНИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚТАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Германияның университеттері және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық аясын кеңейтті.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған қазақстандық жоғары оқу орындары делегациясының құрамындағы ШҚТУ өкілдері германиялық академиялық және ғылыми серіктестермен бірқатар кездесуге қатысты.


Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі: ШҚТУ, «Қазмырыш» ЖШС және Бохум Рур университеті арасында үшжақты ниет туралы келісімге қол қойылуы. K’ADAM International халықаралық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды дамытуға, инженерлік кадрлар даярлауға және университет пен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.


Сонымен қатар ШҚТУ мен Fraunhofer IPK ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді, технологиялар трансферін және қолданбалы инженерлік жобаларды дамытуды көздеп отыр.


Фрайберг тау-кен академиясы техникалық университетімен және Георг Симон Ом атындағы Нюрнберг техникалық университетімен де өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.


Мұндай халықаралық ынтымақтастықты дамыту Шығыс Қазақстан үшін өнеркәсіп қажеттіліктеріне сай инженерлік кадрлар даярлау, шетелдік ғылыми орталықтармен бірлескен зерттеулер жүргізу және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.


Қол жеткізілген уағдаластықтар білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ инженерлік білім беру мен қолданбалы зерттеулер саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған.


 

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter