ШҚТУ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА CDIO ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЗДЕСУІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Өскемен қаласында Орталық Азияда алғаш рет CDIO дүниежүзілік бастамасының Азиялық өңірлік кездесуі -CDIO Asian Regional Meeting 2026 өтті. Халықаралық іс-шараны Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ұйымдастырды. Кездесу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өткізілді.


Халықаралық алаңға 15 елдің университеттері, инженерлік мектептері мен сарапшылық қауымдастығының 50-ден астам өкілі жиналды. Шығыс Қазақстанға Сингапур, Швеция, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Үндістан, Малайзия, Вьетнам, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да мемлекеттердің мамандары келді.


Кездесудің негізгі тақырыбы: «Жаңа буын инженериясы: академиялық орта, индустрия және жасанды интеллектінің жаңа үштағаны». Қатысушылар инженерлік білім беру бағдарламаларын жаңарту, жобалық және тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту, мамандар даярлауға кәсіпорындарды тарту және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелерін талқылады.


CDIO дүниежүзілік бастамасының бірлескен директоры, Турку қолданбалы ғылымдар университетінің проректоры Юха Контио халықаралық қауымдастықтың даму кезеңдері мен инженерлік білім берудегі заманауи тәсілдерді таныстырды. Ол іргелі білім мен тәжірибелік даярлықты сақтай отырып, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізудің маңызын атап өтті.


Кездесу бағдарламасына пленарлық отырыстар, сараптамалық сессиялар, тәжірибелік семинарлар мен пікір алмасу алаңдары енгізілді. Қазақстандағы инженерлік білім берудің ұлттық моделін іске асыруға, білім беру бағдарламаларын индустриялық серіктестермен бірлесе әзірлеуге және студенттердің нақты өндірістік міндеттерді шешу дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.


Кездесудің Шығыс Қазақстан облысы үшін маңызы зор. Өнеркәсібі дамыған өңірде инженерлік кадрларды сапалы даярлау кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртумен және экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Университет пен өндіріс арасындағы ықпалдастық студенттерге заманауи технологияларды меңгеріп, тәжірибелік инженерлік міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.


Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ - Қазақстандағы CDIO дүниежүзілік бастамасының толыққанды мүшесі мәртебесіне ие жалғыз жоғары оқу орны. Халықаралық кездесуді ұйымдастыру университет пен Шығыс Қазақстанның инженерлік білімді дамыту, озық тәжірибемен алмасу және жаңа академиялық әрі индустриялық серіктестік орнату алаңы ретіндегі орнын нығайтты.


Іскерлік бағдарлама Қазақстанның мәдениетімен танысуға арналған іс-шаралармен толықты. Ашылу рәсімінде қазақтың дәстүрлі күйі орындалды. Қорытынды күні шетелдік қонақтарға арналған арнайы этномәдени бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық музыкасымен және мәдени мұрасымен танысты.


CDIO Asian Regional Meeting 2026 кездесуі Шығыс Қазақстанның халықаралық байланыстарын кеңейтіп, инженерлік білім берудің заманауи тәсілдерін енгізуге, жаңа буын мамандарын даярлауға және жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндік берді.


 

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter