САЙЛАУ ПРОЦЕСІ «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ НЕГІЗІНДЕ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС - НҰРЛАН ӘБДІРОВ
2026 жылғы 15-17 тамызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова инспекциялық сапар аясында Алматы қаласына барып, мегаполистің 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға дайындығының барысымен танысты
Жұмыс сапары аясында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қаланың әр түрлі аудандарында орналасқан №№450, 456, 73, 704, 91, 250, 269 және 686 сайлау учаскелеріне барды. Сайлау инфрақұрылымының дайындығы, учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, азаматтарды ақпараттандыру және олардың сайлау құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдай жасау бойынша комиссиялардың жұмысы тексерілді.
Осы ретте ОСК басшысы сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтар үшін жасалған жағдайлармен танысты. Атап айтқанда, пандустар мен кедергісіз ортаға қажетті элементтер, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы көрсеткіштер, сондай-ақ кресло-арбамен жүріп-тұратын азаматтардың кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін көлемі ұлғайтылған жасырын дауыс беруге арналған кабиналар қаралды. Сонымен қатар олар мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштардың жабдықталуын қарап, онда ақпараттық материалдардың қолжетімді форматтарда ұсынылғанына назар аударды. Атап айтқанда, саяси партиялар туралы ақпараттың аудионұсқалары және сайлау бюллетенін толтыру тәртібі жөніндегі нұсқаулықтар ұсынылған. Зағип және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін сайлау бюллетеніне арналған Брайль қаріпті арнайы трафареттер қарастырылған. Олардың көмегімен сайлаушы бюллетеньнің мазмұнымен өз бетінше танысып, өз таңдауын жасауына мүмкіндік алады.
Нұрлан Әбдіров Алматы қаласындағы Ілияс Есенберлин атындағы №25 гимназияда орналасқан №91 сайлау учаскесінің жұмысына да назар аударды. Мұнда сайлаушылар тізімінен өздерін таппаған азаматтарға жедел көмек көрсетуге арналған шағын ХҚКО жұмысы ұйымдастырылған.
Мамандар тіркеу орны туралы мәліметтерді нақтылауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда учаскелік комиссия сайлаушыны бір күнге сол учаскенің мекенжайы бойынша тіркеп, оған бюллетень беріп, дауыс беруіне мүмкіндік жасай алады.
«Сайлаушылардың сайлау туралы хабардарлығын арттырудың маңызды элементтерінің бірі - оларға дербес шақыруларды табыстау. Онда сайлаушы дауыс бере алатын сайлау учаскесінің мекенжайы мен байланыс деректері, сондай-ақ қосымша ақпарат көрсетіледі. Бүгінде Алматы қаласы бойынша шақыруларды табыстау жұмыстары іс жүзінде аяқталды. Бұл ретте біз дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударамыз. Сондықтан мұндай шақырулар сайлаушының өз қолына ғана табысталады. Оларды есікке, пошта жәшіктеріне және басқа да жерлерге қалдыруға жол берілмейді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Инспекциялық сапарлар барысында Нұрлан Әбдіров сайлау учаскелеріне мониторинг жүргізіп жүрген ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының халықаралық байқаушыларымен де кездесті.
Екі күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы Алматы қаласындағы учаскелік сайлау комиссияларының 700-ге жуық өкілі үшін оқыту семинарларын өткізді. Қатысушылар өз білімдерін жаңартып, тестілеуден өтті, сондай-ақ «Дауыс беру күні» интерактивті ойынына қатысты. Семинар барысында олар дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізудің негізгі рәсімдерін, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің түрлі жағдайлардағы іс-қимыл алгоритмдерін практикалық тұрғыда пысықтады.
Семинарларға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрлан Әбдіров сайлау заңнамасы талаптарын қатаң сақтаудың, сондай-ақ сайлау комиссиялары мен учаскелерінің жұмысын талапқа сай ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазір еліміз тарихи оқиғаның алдында тұр. Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 23 тамызда өтеді. Сайлау процесінің барысы мен нәтижесі еліміздің барлық аумағындағы сайлау комиссияларының әрбір мүшесіне тікелей байланысты. Естеріңізге сала кетейін, жұмыс «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде - әділ, ашық әрі заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Осы мақсатта аталған сайлауды ұйымдастыратын әр түрлі деңгейдегі барлық сайлау комиссияларының 71 мың мүшесі оқытудан өтуі қажет. Сондықтан қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерін аралап, осындай оқыту семинарларын ұйымдастыруда», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы.
Тестілеу нәтижелері бойынша Нұрлан Әбдіров қаланың аумақтық сайлау комиссиясының басшылығына өзекті мәселелер бойынша қосымша оқытуды ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жерде сөз дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру, халықаралық байқаушылардың өкілеттіктерін растайтын құжаттарды айқындау, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сайлау учаскесіне кіру тәртібі, есептен шығару куәліктерін беру, сондай-ақ дауыстарды қайта санау негіздеріне қатысты мәселелер туралы болып отыр.
17 тамызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен қала әкімдігі, құқық қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алу, әлеуметтік қорғау және басқа да бағыттарға жауапты мемлекеттік органдардың басшылары және өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Кеңеске қатысушылар Алматы қаласының алдағы сайлауға дайындығының деңгейі туралы баяндады. ОСК Төрағасы дауыс беру күні жұмысты сапалы ұйымдастыру үшін ведомствоаралық үйлестіру мен өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. ОСК Төрағасы жергілікті атқарушы органдарға сайлау учаскелерінде жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз етуге үндеді. Ауа райының ыстық болуына байланысты сайлау учаскелерін, әсіресе шағын үй-жайларда орналасқан учаскелерді, салқындату және желдету жүйелерімен жабдықтаудың маңыздылығы атап өтілді.
Орталық сайлау комиссиясының өкілдері сондай-ақ «Open Almaty» 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен танысты. Байланыс орталығы сайлаушыларды ақпараттандыру және кеңес беру процесіне белсенді түрде тартылған. Сайлау кезеңінде оның базасында азаматтарға сайлау процесіне қатысты мәселелер бойынша жедел ақпарат беруге арналған арнайы желі ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта орталықта сайлау мәселелері бойынша 5 маман жұмыс істейді. Сайлау күні қарсаңында операторлар саны 20 адамға дейін ұлғайтылады.
Дәл осы кезеңде қоңыраулар санының айтарлықтай артуы болжанып отыр. Қазіргі таңда орталыққа күн сайын орта есеппен 190 өтініш келіп түседі. Азаматтар көбіне өз сайлау учаскесін анықтау, есептен шығару куәлігін алу, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар үшін дауыс беруді ұйымдастыру, сондай-ақ уақытша тіркеу болған немесе болмаған жағдайда дауыс беру мәселелері бойынша жүгінеді. Осылайша, әртүрлі байланыс арналары, оның ішінде 109 бірыңғай байланыс орталығы, ЖСН бойынша сайлау учаскесін іздеуге арналған онлайн-сервис және Telegram-бот арқылы мегаполистің 133 мыңға жуық тұрғыны жүгінген.
Айта кетейік, Алматы қаласында 9 аумақтық сайлау комиссиясы және 670 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 597 сайлау комиссиясы азаматтардың тіркелген жері бойынша, тағы 73 комиссия азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылды.
Учаскелік сайлау комиссияларының құрамына 4 721 адам кіреді. Жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша барлық 670 сайлау учаскесі белгіленген талаптарға сәйкес деп танылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

