ОСК: барлық партиялардың көшбасшылары 19 тамызда қорытынды теледебаттарға қатысады
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқаны аясындағы XII отырысы бүгін Астанада өтті.
Отырыстың жұмысына халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар бейнеконференцбайланыс режимінде елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары қосылды.
Күн тәртібіне сәйкес мынадай мәселелер қаралды:
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау кезінде жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталу және аяқталу уақытын белгілеу, азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны туралы ақпарат беру және хабардар ету, сондай-ақ өтініштерді қарау барысы туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау кезінде теледебаттарды ұйымдастыру және өткізу мәселелері туралы;
- Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы.
Қазақстан азаматтары 2026 жылғы 23 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс бере алады. Сонымен бірге сайлау туралы конституциялық заң аумақтық сайлау комиссияларына тиісті әкім мен учаскелік сайлау комиссияларының ұсынысы негізінде жекелеген учаскелерде дауыс берудің басталу және аяқталу уақытын өзгерту құқығын береді. Осыған байланысты отырыс барысында аумақтық сайлау комиссияларының басшылары дауыс берудің басталу және аяқталу уақыты өзгеше белгіленген учаскелердің саны туралы ақпарат берді.
Ел бойынша барлығы 10 423 сайлау учаскесінің 100-ден сәл астамы өз жұмысын сағат 6:00-де бастайды. Тағы шамамен 600 учаскеде — әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу мекемелерінде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында және вахталық әдіспен жұмыс ұйымдастырылатын жерлерде, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде — тізімге енгізілген барлық азамат дауыс беріп болған жағдайда, дауыс беру кез келген уақытта аяқталуы мүмкін. Дауыс берудің басталу уақытын өзгерту туралы аумақтық комиссиялардың тиісті шешімдері сайлаушыларға жеткізілді.
Бұдан бөлек, аумақтық сайлау комиссияларының басшылары өңірлерде әр сайлаушыға сайлауға қатысу туралы жеке шақыруларды жеткізу, азаматтарды алдағы сайлау туралы ақпараттандыру, өзінің сайлау учаскесін онлайн іздеу мүмкіндігін қамтамасыз ету, call-орталықтардың жұмысы, есептен шығару куәліктерін беру және азаматтардың өтініштерін қарау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Есептерді қарау қорытындысын шығара отырып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушыларға жеке шақыруларды табыстау жөніндегі тапсырманы жауапкершілікпен орындаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Өткен аптадан бері мен және Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің өңірлеріне инспекциялық сапарлар жасап жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 12 өңірде болып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен, дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарымен таныстық. Сайлаушыларға шақыруларды табыстау кезінде оларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері туралы ақпаратты да міндетті түрде ұсыну қажет екенін атап өткім келеді. Әр сайлаушыға басқа қалада немесе облыста жүрсе де, дауыс беруге құқығы мен мүмкіндігі бар екенін түсіндіру маңызды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға толыққанды қатысуы үшін жағдай жасауға баса назар аударуды сұраймын», — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында осы сайлау науқанының қорытынды теледебаттарының қалай өтетіні де айтылды. ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік Сайлау туралы конституциялық заңның 28-бабына сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлауалды дебаттарға қатысуға құқығы бар екенін атап өтті.
Дебаттарды өткізудің негізгі қағидаттарының бірі — барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасау. Оларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі қандай да бір саяси партияға немесе оның кандидаттарына артықшылық бермеуі тиіс. Дебаттар сайлау заңнамасының талаптарына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген сайлауалды дебаттарды өткізу тәртібі мен шарттарына сәйкес өткізіледі.
«Осыған байланысты оларды өткізу алаңын, форматы мен шарттарын айқындау бойынша қажетті ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы бойынша қорытынды дебаттарды ұйымдастыру алаңы ретінде «Хабар» агенттігі» АҚ-ның «24KZ» телеарнасы белгіленді», — деп хабарлады Ләззат Сүйіндік.
«24KZ» телеарнасын таңдау оның техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ақпараттық қамту аясының кеңдігіне байланысты болды. Бұл дебаттардың толыққанды телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етуге және оған сайлаушылардың барынша кең тобының қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Бекітілген регламентке сәйкес, дебаттар 4 раундтан тұрады. Олардың әрқайсысының өзіндік міндеті мен форматы болады. Олар:
- «Партияны таныстыру»;
- «Оппоненттерге сұрақтар»;
- «Көрермендерден сұрақтар»;
- «Сайлаушыларға үндеу».
Қазіргі таңда тіркелген 7 саяси партияның барлығы қорытынды теледебаттарға өз төрағаларының қатысатынын растады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселені талқылау барысында халықаралық қауымдастықтың Қазақстанда өтіп жатқан Құрылтайға алғашқы тарихи сайлауға қызығушылығы жоғары екені атап өтілді. ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Еуропа, Азия және ТМД кеңістігіндегі елдерден жүздеген халықаралық байқаушының Қазақстанға келіп жатқанын хабарлады.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тағы 405 халықаралық байқаушыны аккредиттеу туралы қаулы қабылдады. Олар 7 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымның өкілдері.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінен Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеу үшін 7 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымнан 405 байқаушының кандидатурасы ұсынылды. Оның ішінде ТМД Миссиясынан — 75 байқаушы, ТМД Парламенттік Ассамблеясынан — 23 кандидатура, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясынан — 208 байқаушы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан — 23 байқаушы, Түркі мемлекеттері ұйымының Миссиясынан — 10 кандидатура, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Миссиясынан — 22 адам, ШЫҰ Миссиясынан — 11 кандидатура, АӨСШК-ден — 9 байқаушы, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымынан — 7 адам, сондай-ақ Литва, Түркия, Грузия, Солтүстік Македония, Эстония, Нидерланд және Тәжікстаннан 17 кандидатура бар», — деді Мұхтар Ерман.
Айта кетейік, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 17 тамыз сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Ұсыныстар келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы деректер жаңартылып отырады. Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға Орталық сайлау комиссиясы 656 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Сонымен қатар ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
