Қазақстан мен Финляндияның ғылыми ынтымақтастығы Шығыс Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады
Шығыс Қазақстанның тау-кен металлургия саласында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және заманауи технологияларды өндіріске енгізу бағытында жаңа мүмкіндіктер қалыптасуда. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің делегациясы Финляндияның жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдары: VTT Technical Research Centre of Finland және Geological Survey of Finland (GTK) өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізді. Келіссөздерге «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ Басқарма мүшесі де қатысты.
Кездесулердің негізгі мақсаты :ғылыми зерттеулерді нақты өндірістік міндеттермен ұштастырып, Шығыс Қазақстан үшін маңызды технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу.
Өңір үшін бұл бағыттың маңызы зор. Шығыс Қазақстан дамыған тау-кен металлургия кешені және елеулі минералдық-шикізат базасы бар индустриялық аймақ. Сонымен қатар мұнда ондаған жылдар бойы қалыптасқан байыту қалдықтары, металлургиялық шлактар және басқа да техногендік минералдық түзілімдер шоғырланған.
Заманауи технологиялар мұндай материалдарды тек өндірістік қалдық ретінде емес, құрамында бағалы және сыни шикізат компоненттері бар әлеуетті ресурс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл өңір үшін қалдық көлемін азайтуға, жаңа шикізат көздерін қалыптастыруға және өндіріс тиімділігін арттыруға жол ашады.
Кездесулер барысында сыни шикізатты, оның ішінде сирек және сирек жер металдарын зерттеу, бастапқы және техногендік шикізатты қайта өңдеу, геохимиялық және изотоптық зерттеулер, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі аумақтарын қашықтан зондтау мен мониторингтеу бағыттарына ерекше назар аударылды.
Негізгі бағыттардың бірі : Horizon Europe бағдарламасы аясындағы TiBeRIUM жобасы. Оның тәжірибесі тау-кен өнеркәсібі аумақтарын заманауи әдістермен қашықтан бақылау және мониторинг жүргізу үшін маңызды.
Финляндиялық әріптестердің ғылыми инфрақұрылымы бұл жұмыстарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. GTK базасында жоғары дәлдіктегі геохимиялық және изотоптық зерттеулер жүргізіледі. Атап айтқанда, MC-ICP-MS технологиясы минералдардың изотоптық құрамын зерттеп, олардың шығу тегі мен кен түзілу процестері туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты —шикізатты зерттеуден бастап технологияны пилоттық деңгейде сынауға дейінгі толық зерттеу циклін қалыптастыру. Бұл сынамаларды дайындау, ұсақтау және майдалау, материал құрамын анықтау, құнды компоненттерді бөліп алу технологияларын әзірлеу және оларды тәжірибелік деңгейде сынауды қамтиды.
«Үлбі металлургиялық зауыты» өкілінің кездесулерге қатысуы ғылыми әзірлемелерді нақты өндірістік талаптармен байланыстыруға мүмкіндік берді. Перспективалы бағыттардың қатарында техногендік шикізат құрамын кешенді зерттеу, бағалы компоненттерді анықтау, оларды бөліп алу технологияларын әзірлеу және кейіннен пилоттық сынақтан өткізу бар.
Шығыс Қазақстан үшін мұндай ынтымақтастықтың практикалық маңызы : өңірдің минералдық және техногендік шикізатының әлеуетін терең зерттеу, озық технологияларды жергілікті жағдайларға бейімдеу және ғылыми әзірлемелерді нақты технологиялық шешімдерге айналдыру.
Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және олардың қоршаған ортаға әсерін төмендету мүмкіндігін арттырады. Байыту қалдықтары мен металлургиялық шлактардың құрамындағы пайдалы компоненттерді қайта алу жинақталған техногендік материалдардың көлемін азайтып, ресурстарды қайталама пайдалануға мүмкіндік береді.
Халықаралық жобаларға қатысу ШҚТУ ғалымдары мен студенттеріне заманауи зерттеу әдістерін меңгеріп, еуропалық ғылыми ұйымдармен бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.
ШҚТУ, қазақстандық өнеркәсіп, VTT және GTK арасындағы ынтымақтастық Шығыс Қазақстанның минералдық әлеуетін тиімді пайдалануға, техногендік шикізатты экономикалық айналымға тартуға, сыни шикізат бойынша жаңа технологияларды дамытуға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.
Бұл — Шығыс Қазақстанның тау-кен металлургия саласын технологиялық жаңғыртуға, өндірістік қалдықтарды қайта пайдалануға және минералдық ресурстарды тиімді әрі тұрақты пайдалануға жасалған маңызды қадам.

