Шығыс Қазақстанға қатынаған қонақ немесе турист заңғар тауларын, өзен-көлдерін немесе көрікті табиғатты емес, өлке адамдарын жолықтырады. Әуежайда, қонақүйде, музейде, ауылдағы қонақ үйде немесе жол бойындағы шағын дәмханада болсын, өңір туралы алғашқы әсерді қалыптастыратын – жергілікті халық мәдениеті мен қарым-қатынасы. Сондықтан бүгінгі туризм тек табиғи байлықтар мен инфрақұрылым жарысы емес, алдымен адам капиталының, қонақжайлық мәдениетінің бәсекесіне айналып отыр.

Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы облыстағы орналастыру орындарына жүздеген мың адам тоқтаған. Катонқарағайдың көркем табиғаты, Риддердің тау туризмі, Алтай өңірінің ерекше ландшафтары мен тарихи орындары саяхатшылардың қызығушылығын арттыруда. Өңір туристерді қабылдауға қаншалықты дайын? Бұл жерде мәселе тек жол, қонақүй немесе сервисте емес. Басты сұрақ –қонақты қалай қарсы аламыз, қандай әсер сыйлаймыз және өңірдің мәдени келбетін қалай танытамыз? Altainews.kz тілшісі мақалада осы мәселелерді қаузап көреді.
Алтайға анталаған адамдар ағыны
Мақаланың мәйегі мәдениет болса да, мәнерлеуді ресми санақтан бастасақ. Туризм басқармасынан алынған статистикалық деректерді көріп, өңірдегі туристер ағымының шынайы көрінісі ашылады. Расын айту керек, келуші қонақтардың қарасы мол. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында өңірдегі орналастыру орындарында жалпы саны 446 790 адамға қызмет көрсетілген. Келушілердің негізгі бөлігін ішкі туристер құрайды. Жыл ішінде облыс бойынша 428 786 қазақстандық азамат қонақүйлерде, демалыс базаларында және өзге де орналастыру орындарында болған. Ал шетелден келген туристер саны 18 004 адамды құрады.
– Өңірдегі туристік ағынның басым бөлігі Өскемен қаласына тиесілі. Облыс орталығындағы орналастыру орындары бір жылда 138 435 келушіге қызмет көрсеткен. Оның ішінде 125 663 адам – ішкі туристер, ал 12 772 адам – шетелдік қонақтар, - дейді мамандар. – Туристер жиі баратын бағыттардың қатарында Риддер қаласы мен Глубокое ауданы да бар. Риддердегі орналастыру орындарында бір жыл ішінде 39 544 адам демалса, олардың 37 352-сі ішкі туристер, 2 192-сі шетелдік келушілер болған. Табиғаты көркем өңірлердің бірі саналатын Глубокое ауданында 101 905 туристке қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар, аудандық деңгейде туристер көп барған аумақтардың қатарында Алтай ауданы (62 808 адам) мен Катонқарағай ауданы (28 939 адам) бар. Облысқа келгендердің басым бөлігі орналастыру орындарында түнеп шыққан. Мәселен, резидент туристер арасында 354 916 адам қонып демалса, бір күндік келушілер саны 73 870 адамды құраған.
Өлкені шетелмен салыстыруға бейімбіз
Шығыс Қазақстан туралы сөз қозғалғанда көз алдымызға бірден Катонқарағайдың асқақ таулары, Марқакөлдің мөлдір суы, Алтайдың тұмса табиғаты келеді. Соңғы жылдары бұл өңір Қазақстандағы ғана емес, шетелдік саяхатшылар үшін де танымал бағыттардың біріне айналды. Табиғаттың тартылыс күші туристерді жыл сайын қайта әкеліп жатыр. Бірі жазғы көріністі тамашалап кетсе, енді бірі қысқы Алтайды көру үшін қайта оралады. Туристерді қарсы алуда, туристік бизнеспен айналысқысы келетін азаматтар жайында біз Атамекен кәсіпкерлік палатасы жанындағы ШҚО туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазановпен сұхбаттастық. Сарапшы, туризмді насихаттау барысында біздің инфрақұрылым дайын ба, сапалы қызмет көрсете аламыз ба деген сұрақтарды кері қалдырып кететінімізді айтады. Жарнама мықты болса да, күткені мен көргенінің арасында айырмашылық болуы мүмкін.
– Катонқарағай мықты туристік брендке айналып тұр. Марқакөл, әрине, бұл сұрақтарға келгенде кенжелеу. Туристер тұрақтап қалатын демалыс орындары өкінішке орай өте аз. Инфрақұрылым мен сервис мәселесі жүйелі жолға қойылып, жоғары сапаға әлі жеткен жоқ. Марқакөлдің әлеуеті де өте жоғары. Демалыс орындары салынса игі болар еді. Бұл жердегі, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысындағы ең үлкен мәселе – халықтың арасындағы туристік мәдениетті қалыптастыру. Қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарау, қоқыс тастамау, ормандағы демалыс орындарында жаққан отты сөндіріп кету де мәдениетке жатады. Театр киімілгіштен басталатын болса, туристік мәдениет те осындай қарапайым ережелерден басталады, - дейді сарапшы.
Шығысқа келіп жатқан туристер портреті әртүрлі. Жастар, қариялар, орта жастағылар, барлығы бар. Шипажайларға баратындар да, Катонқарағайда пантамен емделетіндер де, қалталы тікұшақпен ұшатын туристер де келеді.
– Қандай аудиторияны тартып жатырмыз? Барлығын қамтимыз, бірақ шынымен келгісі келетін, қызығушылық танытқан азаматтарды тартамыз. Осы ретте айта кету керек, біз Қазақстанда шетелді көрсетіп, сонымен салыстыруға бейімбіз. Алайда шетелдіктер Қазақстаннан ұлтық дүниені, этностильдерді, киіз үйлерді, бүркітшілер тіршілігі мен қазақ дәстүрін көргісі келеді. Қазір бізде этностиль саласы қатты дамып тұр. Орайы келсе, кәсіпкерлерге, билік басшыларына этностильге қатты мән беру керек деп айтар едім. Салынатын қонақүйлер, жататын орындарында, демалыс орындарында этностиль талғаммен жасалатын болса, қызығушылық еселеп артар еді, - дейді Сымбат Рамазанов.
Соңғы жылдары көп орындық, жол талғамайтын көліктер сатып алып, «Алтайдың атыраптарын көрсетем» дейтін кәсіпкерлер көбейіп келеді. Әлемжеліден жарнама жүргізіп, қонақтарды әуежайдан күтіп алып, таулы аймақтардың тамашасын танытатын гидтер де бар. Бұл тұрғыда кеңес төрағасы заңдылық, қауіпсіздікті сақтау керегін және қолдау керегін айтады.
– Туризм саласында кәсіп бастаймын деген азамат білуі керек. Туризм – лицензия алуға жататын кәсіп түрі. Лицензиясы жоқ кәсіпкерлерге үлкен айыппұлдар салынады. Сондықтан, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Туризм кеңесі, Туризм басқармасы ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Десе де, көп адамдар лицензия алу керектігін білмей, есепшоттар, жеке кәсіпкерлік те ашпай жұмыс жасап жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы туристік маршруттардың көбі таулы аймақтарда орналасқан. Былтыр Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті келесідей ақпарат жариялады: «Әрбір туристік компания, қанша туристпен қандай соқпақпен таулы аймаққа шығып бара жатқаны жайында міндетті түрде баратын күнінен екі-үш күн бұрын ақпарат беруі тиіс». Неге ескертуі керек? Ертең қауіп туған жағдайда құтқарушылар барлық қажетті ақпараттардан хабардар болуы тиіс. Өкінішке орай, туристік компаниялар мұндай деректермен бөлісуді қаперіне алмайды. Ал туристердің қауіпсіздігі – басты мақсат. Үйлеріне аман есен жетулері керек, - дейді кеңес төрағасы. – Екінші бір жылдам шешуді қажет ететін мәселелер – жол мен әжетханалар. Тақтайдай жолдар болса, туристер өздері ағылады. Ал екінші жағдай бойынша туризм басқармасы ең көп адамдар қатынайтын орындарға әжетханалар қоюды қолға алып жатыр. Субсидия мәселесіне тоқталатын болсақ, автбустар сатып алуға, туристік нысан салған кезде үкімет тарапынан жиырма пайыз субсидия беріліп, жергілікті бюджеттен қайтарылуда. Жалпы, субсидиялар көп болуы керек деп ойлаймын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да туризмді дамытуға қолдау білдіріліп жатыр.
Туристі ең алдымен қарсы алатын – мәдениет
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі Шығыс Қазақстан жұртшылығына бұрыннан таныс мәдени жоба. Оның негізі бірнеше жыл бұрын қаланып, алғаш рет Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Сол кезеңнің өзінде фестиваль өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі саналды. Алайда уақыт өте келе жоба жаңа мазмұнмен толығып, ауқымы кеңейіп, жай ғана мерекелік шара деңгейінен халықаралық мәдени диалог алаңына айналды. Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының мәліметінше, бұл іс-шара ғана былтыр өңірге 10 мың турист тартқан. Бұл фестивальдің туризм саласына әсерін тигізіп жатқан феномені, биылғы жоспары туралы басқарма басшысы Самат Қасеновпен сұхбаттасқан едік.
– Былтыр фестиваль аясында «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты ерекше әдеби-мәдени кеш ұйымдастырдық. Біз бұл жобаны дәстүрлі форматтан шығарып, жабық ғимаратта емес, ашық аспан астында өткізуді жөн көрдік. Табиғат аясында, алау жағылған ерекше ортада өткен кеш көрерменге мүлде бөлек әсер сыйлады, - деді Самат Берікболұлы әңгімесін бастап. – Қазір поэзия тыңдайтын аудитория азайды деген пікір жиі айтылады. Сондықтан алғашында табиғатты, туған жерді, Дидахмет Әшімханұлы мен Қалихан Ысқақтың шығармашылық әлемін жырлаған ақындарды халық қалай қабылдайды деген алаңдаушылық болғаны рас. Дегенмен, нәтиже біз күткеннен әлдеқайда жақсы шықты. Кеш барысында он бес ақын екі шығармадан, барлығы отызға жуық өлең оқылды. Ең қызығы, көрермендер соңына дейін тарамай, бар ынтасымен тыңдады. Мұның басты сыры – форматында деп ойлаймын. Бұл жобаны биыл да жалғастыру жоспарымызда бар. Биылғы шара Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналады. Іс-шара Берелдегі музей маңында, тарихи «Патшалар жазығы» аталып кеткен кеңістікте өтеді. Бұл жер кезінде Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен өткен ауқымды мәдени жобалардың орталығы болған.
Өткен жылы айтулы фестивальға әлемнің он бір мемлекетінен өнерпаздар қатысты. Ал олардың сыртында кәсіпкерлер, туристер және арнайы келген қонақтар саны қаншама. Биыл халықаралық қатысушылар саны одан әрі артады деп күтілуде.
– Қазіргі таңда фестиваль бағдарламасын кеңейту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бірқатар танымал өнер жұлдыздарын шақыру мәселесі қарастырылуда. Кейбір жобалар әзірге талқылану үстінде болғандықтан, оны әзірше тосынсый ретінде қалдырған жөн деп ойлаймын. Бірақ көрерменді қызықтыратын жаңалықтар болатынына сенім мол, - дейді басқарма басшысы. – Мұндай фестивальдердің өңірге берері өте көп. Мен осыдан төрт күн бұрын ғана Катонқарағайға барып келдім. Сонда байқағаным – халықтың өзі қонақ күтуге дайындалып жатыр. Бірі үйінің ауласын ретке келтіріп жатыр, енді бірі қонақ қабылдайтын орындарын жөндеуден өткізіп жатыр. Ауыл адамдарының бойында ерекше жауапкершілік пайда болғанын байқайсыз. «Ертең қонақ келеді, турист келеді» деген түсінік қалыптасып келеді. Тіпті кейбір тұрғындар өз үйлерін туристерге жалға беруге дайын. Бұл – қосымша табыс көзі. Қонақүйден гөрі ауылдың тыныс-тіршілігін сезінгісі келетін туристер аз емес. Өзім де кейде қонақүйден гөрі жергілікті тұрғындардың үйіне тоқтағанды жөн көремін. Моншасы бар, табиғатқа жақын, ауылдың шынайы өмірін сезінесің. Ал шетелдік туристер дәл осындай ерекше тәжірибені іздейді. Қазір кейбір кәсіпкерлер өзен-көл жағасына шағын демалыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Палаткалы лагерьлер ұйымдастырып, табиғат аясында демалуға мүмкіндік жасағысы келеді. Мұның бәрі туризмнің дамуына және фестивальдердің ықпалына байланысты қалыптасып жатқан үрдіс. Фестивальдің экономикалық әсері де айқын байқалады. Такси жүргізушілерінен бастап, қонақүй иелеріне дейін табыс тауып отыр. Тіпті Семей қаласынан Катонқарағай бағытына қатынайтын такси жүргізушілерінің көбейгенін естіп жүрміз.
Басқарма басшысы былтырғы фестиваль аяқталғаннан кейін де туристер ағымы бәсеңдемей, керісінше арта түскенін айтады.
– Өзгерісті халықтың көңіл-күйінен де байқауға болады. Өткен жылы фестиваль маусым айында өткеннен кейін Катонқарағайда туристер саны айтарлықтай артқанын жергілікті тұрғындардың өздері айтты. Биыл жаз басталмай жатып-ақ келушілер көбейгені байқалады. Жақында барғанымда жол бойында еліміздің әр өңірінен келген көліктерді көп көрдім. Әсіресе, оңтүстік облыстардан келген туристер саны артқан. Құрылыс дүкендеріне кіргенімде де бұрын көрмеген адамдарды байқадым. Сұрастыра келе олардың басқа облыстардан келіп, жер алып, туризм саласына инвестиция салуды жоспарлап жүргенін білдім. Бірі демалыс базасын салмақ болса, енді бірі тау бөктерінде немесе өзен жағасында шағын қонақ үйлер мен моншалар ашуды көздеп отыр.
Алтайдың асқақ таулары, Марқакөлдің тылсым табиғаты, түркі өркениетінің терең тамыры мен сан ғасырлық мәдени мұрасы өңірдің басты артықшылығы болып қала береді. Алайда осы байлықтың бәрі көпшілікке дұрыс әрі заманауи форматта ұсынылғанда ғана өз нәтижесін береді. Сондықтан бүгінгі таңда туризмді дамыту жолындағы міндет тек жаңа нысандар салу немесе инфрақұрылымды жақсартумен шектелмейді. Өңірдің ерекшелігін сапалы контент арқылы таныту, ұлттық мәдениетті заманауи тілде насихаттау және Шығыс Қазақстанның бірегей келбетін қалыптастыру да маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын тапса, Катонқарағай ғана емес, тұтас Шығыс Қазақстан халықаралық туристік картадағы беделді бағыттардың біріне айналуы әбден мүмкін. Өйткені туристі алғашында табиғат қызықтырғанымен, оны қайта оралуға мәжбүр ететін құндылық – сол өлкенің рухы, мәдениеті және адамдары.