Шығыс Қазақстан ғылымы жаңа деңгейге көтерілді: ШҚТУ KU Leuven-пен меморандумға қол қойды

 

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ғылым, білім және инновация салаларында бірқатар стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Солардың ішіндегі Шығыс Қазақстан өңірі үшін маңызды нәтижелердің бірі – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Еуропадағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі KU Leuven университеті, SIM² KU Leuven Тұрақты металдар мен минералдар институты және Astana Hub арасында ынтымақтастық туралы меморандумның жасалуы болды.
Бұл құжатқа қол қойылуы Шығыс Қазақстанның халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтағы рөлін жаңа деңгейге көтереді. Стратегиялық және аса маңызды металдардың мол қорына ие өңір минералдық ресурстарды тұрақты игеру, заманауи металлургиялық технологияларды дамыту және жасанды интеллектті қолдану бағытындағы халықаралық күн тәртібінің маңызды қатысушысына айналуда.
Келісім аясында критикалық маңызды шикізатты өндіру, өңдеу және қайта пайдалану салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тау-кен металлургия кешеніне арналған инновациялық технологияларды әзірлеу, сондай-ақ ғылыми және өндірістік үдерістерге цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын енгізу көзделген.
Аталған серіктестіктің басты ерекшелігі – оның орталығында өңірдің жетекші инженерлік жоғары оқу орны саналатын Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің болуы. Университет көп жылдан бері тау-кен және металлургия салалары үшін білікті мамандар даярлап, өндіріс қажеттіліктеріне бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулерді табысты жүзеге асырып келеді.
Жаңа келісім студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және жас ғалымдарға академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға, халықаралық ғылыми жобаларға тартылуға, тағылымдамалардан өтуге, жазғы мектептерде білім алуға және еуропалық университеттер мен ғылыми орталықтармен бірлескен білім беру бағдарламаларын игеруге кең мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қойылуы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің халықаралық әріптестікті нығайту және отандық ғылымды Еуропалық зерттеу кеңістігіне ықпалдастыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар бұл серіктестік Horizon Europe бағдарламасы мен TiBrerium халықаралық жобасы аясында басталған ынтымақтастықтың заңды жалғасы саналады.
Сарапшылардың пікірінше, аталған келісімнің Шығыс Қазақстан үшін білім беру саласымен қатар экономикалық маңызы да зор. Бірлескен ғылыми зерттеулер мен технологиялар трансфері өңір кәсіпорындарын жаңғыртуға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және болашақ экономикасына қажетті жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.
Қол жеткізілген келісімдер Шығыс Қазақстанның еліміздің жетекші ғылыми-өндірістік орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін айқындай түсіп, өңірдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter