Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады

Кездесуде қазақы ит тұқымдарын сақтау және тұрақты генетикалық қорын қалыптастыру ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық перспективасы талқыланды. 
 
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тазысын алдын ала тануға оң септігін тигізгені үшін Тамаш Яккельге алғыс айтты. Бұл шешім 2024 жылы Амстердамда өткен Халықаралық кинология федерациясы (FCI) Бас комитетінің отырысында қабылданған еді.
 
✔️Мемлекет басшысының айтуынша, тазы және төбет тұқымдарын сақтау тек кинология тұрғысынан емес, сондай-ақ дәстүрлі тұрмыс салтымен тығыз байланысты тарихи-мәдени құндылық ретінде айрықша маңызға ие. Ит – қазақ халқының дүниетанымында жеті қазынаның бірі саналады. 
 
✔️Жүйелі жұмыс нәтижесінде бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Тиісті заңнамалық актілер қабылданды. 
 
✔️Бұдан бөлек, көп ұзамай Жетісу облысында сұрыптау жұмыстарымен айналысатын және ит асыраушыларға ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашылмақ. 
 
✔️Халқымыздың асыл қазынасын дәріптеу мақсатында биылдан бастап 3 қыркүйекте Қазақы тазы мен төбет күні аталып өтеді.
 
✔️Өз кезегінде Тамаш Яккель қазақы ит тұқымдарын сақтауға айрықша қамқорлық көрсетіп отырған Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді. 
 
✔️Сонымен қатар Президентке әлемнің 100 елін біріктіретін FCI қызметі туралы мәлімет берді. 
 
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter