ДДСҰ дабыл қағуда: 2026 жылы өмірді сақтап қалу үшін әлемге шұғыл түрде 1 млрд доллар қажет

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2026 жылы шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 1 миллиард доллар жинау қажеттігін мәлімдеді.

Бұл туралы ДДСҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламаларының атқарушы директоры Чикве Ихеквазу хабарлады.
 
Сұралып отырған қаражат әлемнің ең дағдарысты өңірлерінде іске асырылып жатқан 36 гуманитарлық бағдарламаны қаржыландыруға бағытталмақ. Олардың қатарында қарулы қақтығыстар мен гуманитарлық апаттар жағдайында жұмыс істеп жатқан Судан, Газа секторы және Украина бар.
 
ДДСҰ өкілдерінің айтуынша, бұл сома 2025 жылға арналған ұқсас бюджеттен шамамен үштен біріне төмен. Соған қарамастан, аталған қаржы миллиондаған адамға өмірлік маңызы бар медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін аса қажет.
 
Чикве Ихеквазу ұйымның күрделі қаржылық жағдайына және жекелеген елдердің қолдауының қысқаруына қарамастан, қолданыстағы бағдарламалардан шығу мәселесін қарастырмайтынын атап өтті.
 
Осы орайда АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу туралы шешімі де еске салынды. Бұл процесс АҚШ президенті Дональд Трамптың атқарушы жарлығымен басталып, 22 қаңтарда Америка Құрама Штаттары ДДСҰ жұмысына қатысуын ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы бұған дейін БҰҰ Бас хатшысының кеңсесі де мәлімдеген болатын.
 
ДДСҰ ескертеді: уақтылы қаржыландыру болмаса, 2026 жылы жаһандық денсаулық сақтау саласындағы қауіп-қатерлер айтарлықтай артуы мүмкін.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter