Шығыс өнеркәсібі – сыртқы нарық жолында

--- Вчера, 08:38

Шығыс Қазақстанда экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындарға баспасөз туры ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлерге арналған семинар өтті. Іс-шараны «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері облыс әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырып, қатысушыларды мемлекеттік қолдау тетіктері мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктерімен таныстырды.

Мемлекеттік қолдауға ие экспорттаушы кәсіпорындар  

Баспасөз турына қатысушы БАҚ өкілдері экспорт көлемін ұлғайту, шетелден жаңа сатып алушылар тарту, өндірісті жаңғырту, озық технологияларды енгізу және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыс істеп жатқан жергілікті кәсіпорындарды аралап, олардың даму жолы мен жетістіктерімен танысты. Ал кәсіпкерлерге арналған семинар барысында экспортты қаржыландыру, сақтандыру, және сыртқы нарыққа шығудағы тәуекелдерді жүйелі негізде басқару жолы түсіндірілді.

Іс-шараның басты мақсаты – өңірлік экспорттаушылардың жетістіктерін көрсету және өзге кәсіпорындарды да сыртқы нарыққа шығуға ынталандыру болды.

Алғашқы нысан – Глубокое ауданындағы майлы дақылдарды өңдеу және өсімдік майын өндіру кәсіпорны. 2020 жылдан бері Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі бұл зауытқа қарызды ерікті сақтандыру арқылы қолдау көрсетіп келеді. Бұл – Қазақстанның Даму Банкі арқылы айналым қаражатын толықтыруға және импорттаушылар тарапынан төлемеу тәуекелін азайту мақсатында, қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың мамырынан бастап аталмыш кәсіпорын май-тоң май өнімдерін экспорттауға арналған Даму Банкі мен Экспорттық-кредиттік агенттіктің жаңа бірлескен бағдарламасының алғашқы қатысушысы атанды. Бағдарлама экспорт алдындағы қаржыландыру мен сақтандыру құралдарын ұсынады, ал бұл сыртқы нарықта тұрақты жұмыс істеуге жол ашады. Қазір зауытта жаңа рафинация және дезодорация цехтарының құрылысы жүріп жатыр, аталған жұмыстар келесі жылдың басында аяқталмақ. Сондай-ақ, бөтелкелеу цехы да салынуда.

– Кәсіпорын тәулігіне 1 400 тонна күнбағыс майын өндіреді, қыркүйектің соңына қарай бұл көлем 1 800 тоннаға жетеді. Дайын өнімнің 90%-ы негізінен Орталық Азия мен Қытайға экспортталады. Жаңа цехтар іске қосылғаннан кейін ішкі нарыққа да шығамыз. Мемлекеттік қолдау біз үшін үлкен мүмкіндік, – деді бас директордың орынбасары Павел Писаренко.

Келесі нысан – Қазақстан мен ТМД елдерінің тау-кен және металлургия салаларына машина жасау жабдықтары мен құралдар шығаратын зауыт. Бұл кәсіпорын шетелдік сатып алушымен шаршы қималы болат дайындамалары мен арматураны өндіру бойынша ірі экспорттық келісімге қол қойып, Экспорттық-кредиттік агенттіктің сақтандыру қорғанысын пайдаланды. Бұл өз кезегінде, төлемді кейінге қалдыруға, есептеулердің сенімділігін арттыруға және сыртқы сауда тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, зауыт сауданы қаржыландыру қызметін де пайдаланды.

Қазір өндірілген арматура Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Түрікменстанға экспортталады. Осылайша, кәсіпорын қайта өңделген, қосылған құны жоғары тауарлар шығарып, мемлекеттік өнеркәсіптік саясат басымдықтарын тиімді пайдаланып отыр.

Мұнда әлеуметтік жауапкершілік те назардан тыс қалмаған. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, жас мамандарды өндірістік жұмысқа тарту ісі жүргізілуде. Зауытта 35 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан темір балқыту цехының бастығы Мерғалым Нағашбаев бұл бағыттағы жұмысты ерекше атап өтті.

– Мен бұл зауытқа 1991 жылы политехті бітіріп келдім. Содан бері барлық қызмет сатыларынан өтіп, қазір цех бастығы болып жұмыс істеймін. Ай басында бізге қандай металл құю керектігі көрсетілген жоспар беріледі. Сол металлды құйып, өңдеп, тазалап, тапсырыс берушіге жібереміз. Қазір жастарды өндірістік жұмысқа тартып, білгенімізді үйретіп жүрміз, – деді ол.

Сапар соңында қатысушылар майлы дақылдарды қайта өңдеуге маманданған, толық циклді май экстракциялық зауытқа барды.

2020 жылдан бері Өскемен шарап зауыты аумағында тәулігіне 500 тонна тұқым өңдейтін өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. 9,5 гектар аумақта орналасқан кәсіпорын жылына 75 мың тонна өсімдік майы мен 64 мың тонна жом шығара алады. Қалдықсыз технологиямен жабдықталған зауыт қыркүйек айының басында іске қосылады. Жобаның құны – 20 млрд теңгеден асады, 300-ден астам жұмыс орны ашылады.

– Аграрлық кредиттік корпорациядан несие алдық, ал Экспорттық-кредиттік агенттік бұл несиенің жартысын сақтандырып отыр. Тәулігіне 220 тонна шикі май және 120 тонна рафинацияланған май өндіреміз. Шикі майдың басым бөлігі экспортқа жіберіледі, қалғанын ішкі нарықта сатамыз. Шикізаттың негізгі бөлігі облысымыздан алынады, қажет болғанда Ресейдің Алтай өлкесінен де жеткізіледі, – деді зауыт тың бас директоры Нұржан Меджанов.

Агенттік 2023 жылдан бастап бұл кәсіпорынмен серіктестік орнатып, айналым қаражатын толықтыру үшін қарызды сақтандыру арқылы қолдау көрсетіп келеді. Өнім Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және басқа да елдерге экспортталады.

Мамандардың айтуынша, Шығыс Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары. Қазір облыста агенттік қолдауына ие 10-нан астам компания бар, өңдеуші кәсіпорындардың жартысы экспортқа бағытталған. 2025 жылы агенттік 80-нен астам экспорттаушыны қолдады, олардың 70%-ы шағын және орта бизнес өкілдері. Экспорт негізінен азық-түлік, металл өнімдері, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіп және құрылыс материалдары салаларынан тұрады.

Экспортқа шығудың жаңа тетіктері талқыланды

Екінші күні «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері жергілікті кәсіпкерлерге арналған семинар өткізді. Шараға агроөнеркәсіп, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларындағы өндірушілер қатысты.

Семинар барысында кәсіпкерлерге агенттік ұсынатын қолдау шаралары, цифрлық платформалар мен экспорттық операцияларға кепілдік беру механизмдері таныстырылды. Жиында Экспорттық-кредиттік агенттіктің өңірлік менеджері Алтынгүл Төлегенова көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырып, экспорттық операцияларға кепілдік беру және «Экспорттаушының жеке кабинеті» платформасына ерекше назар аударды. Жаңа цифрлық шешімдер кәсіпкерлерге өтінім беру мен шарт жасасу үрдісін онлайн режимде жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы сақтандыру өтемі мен кепілдіктер көлемі бойынша еліміздегі үш ірі өңірдің қатарына еніп отыр. Өткен жылы Экспорттық-кредиттік агенттік тарапынан бірнеше жергілікті компанияға сыртқы нарықта орнығып, тұрақтану бағытында қолдау көрсетілген. 2024 жылы агенттіктің қолдауымен облыста 62 млрд теңгеден астам қаржыға жобалар жүзеге асты.

– Бүгінде агенттіктің арсеналында 20-дан астам қолдау құралы бар. Шығыс Қазақстан облысына келер болсақ, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, өңірдегі кәсіпкерлерді қолдауға 30 млрд теңге бағытталды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары шығысқазақстандық кәсіпкерлерге 70 млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді. Негізі агенттік портфелінде шағын және орта бизнес үлесі 70%-дан асады. Бұл біздің компаниямыздың шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді, әрі алдағы уақытта да осы бағыттағы қолдау шаралары жалғаса береді, – деді «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ PR қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Жәмішжанов.

Өңірлік кәсіпкерлерге арналған семинарда жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын экспорт алдындағы қаржыландыру механизмі кеңінен талқыланды. Бұл қолдау шарасы – шикізат сатып алу және өнімнің экспорттық партияларын дайындау үшін айналым қаражатын қамтамасыз етуге арналған.

Семинар қатысушылары сауданы қаржыландыру, несиелік тәуекелдерді сақтандыру, төлемдерді кейінге қалдыру, сондай-ақ, халықаралық байқаулар мен келісімшарттар бойынша әртүрлі кепілдіктер туралы ақпарат алды.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында компания кәсіпкерлерге қомақты қаржылай көмек көрсеткен. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 600 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

altainews.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар