ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА БУЫН АВТОМОБИЛЬ ИНДУСТРИЯСЫНА ҚАЖЕТТІ ҚҰЗЫРЕТТЕР ДАМЫТЫЛУДА
Электрлі және гибридті көлік құралдарымен жұмыс істей алатын мамандар даярлау Шығыс Қазақстандағы техникалық білім берудің өзекті бағыттарының біріне айналып келеді. Қазіргі автомобиль саласына цифрлық диагностика жүргізетін, электрондық басқару жүйелерін меңгерген және жоғары технологиялық сервистік жабдықтарды пайдалана алатын білікті кадрлар қажет.
Осындай кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған World Vocational College Skills Competition 2026 халықаралық байқауының іріктеу кезеңі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өтті. Сайыс қорытындысы бойынша ШҚТУ командасы жеңіске жетіп, Қытай Халық Республикасында өтетін финалдық кезеңде Қазақстан атынан өнер көрсету құқығына ие болды.
Іріктеу кезеңіне ШҚТУ, Шығыс Қазақстан техникалық-гуманитарлық колледжі, Экономика және қаржы колледжі, Жоғары политехникалық колледж және IT-колледж командалары қатысты. Әр команданың құрамында төрт қатысушы мен бір жетекші болды.
Сайыс барысында қатысушылар гибридті және электрлі көліктерге диагностика жүргізіп, электрондық жүйелердегі ақауларды анықтады және арнайы жабдықтармен жұмыс істеу шеберлігін көрсетті. Тапсырмалар олардың техникалық білімін ғана емес, командада әрекет ету, жағдайды талдау және шектеулі уақыт ішінде инженерлік шешім қабылдау қабілетін де бағалауға мүмкіндік берді.
Жарыс өңірдегі университет пен колледждер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын ортақ алаңға айналды. Бірлескен жұмыс тәжірибелік даярлау тәсілдерін салыстыруға, әдістемелік тәжірибе алмасуға және техникалық-кәсіптік білім мен жоғары білім арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге жол ашады.
Мұндай ықпалдастық «колледж - университет - өндіріс» бағытындағы үздіксіз білім беру жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Жастар кәсіби дағдыларын кезең-кезеңімен жетілдіріп, білімін жоғары оқу орнында жалғастыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады.
Іріктеу кезеңі ШҚТУ-дағы Халықаралық Лу Бань шеберханасының базасында ұйымдастырылды. Оның заманауи жабдықтары байқау тапсырмаларын жаңа буындағы көлік құралдарын диагностикалау және техникалық қызмет көрсету үдерістеріне барынша жақындатуға мүмкіндік берді.
Сайысқа ШҚТУ-дың стратегиялық серіктесі: Tianjin Vocational University ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсетті. Қытайлық университетпен ынтымақтастық озық білім беру технологияларын енгізуге, тәжірибеге бағытталған оқытуды дамытуға және кәсіби даярлаудың халықаралық стандарттарын қолдануға ықпал етеді.
Халықаралық Лу Бань шеберханасы университетті, өңір колледждерін және шетелдік серіктестерді біріктіретін маңызды алаңға айналып келеді. Мұндағы жұмыс Шығыс Қазақстанның кадрлық әлеуетін арттыруға, жастардың заманауи жабдықтарға қолжетімділігін кеңейтуге және оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
ШҚТУ командасының жеңісі өңірдегі инженерлік даярлықтың жоғары деңгейін көрсетті. World Vocational College Skills Competition 2026 финалында студенттер Қазақстан атынан қатысып, Шығыс Қазақстанның техникалық білім беру мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде таныстырады.
