Есімі руға айналған аналар
Қазақ халқының тарихында ананың орны әрдайым ерекше. «Ана – өмірдің бастауы, ұрпақтың ұйытқысы» деген ұғым халқымыздың дүниетанымында терең қалыптасқан. Сондықтан да қазақ қоғамында ананың беделі мен орны айрықша болған. Тарихта кейбір аналардың есімі тұтас бір руға, тіпті ұранға айналып, ұрпағының атымен бірге ел жадында сақталып қалған, деп хабарлайды oskemencity.kz Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақ тарихында ру атына айналған әз аналар аз емес. Көрнекті жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин қазақ әйелінің болмысын ерекше бағалап:
«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі. Ежелгі эпостағы Гүлбәршін мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы Алаштың талай тұлғасын дүниеге әкелген есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісі», – деп жазады.
Шежіре деректеріне сүйенсек, қазақ қоғамында аналардың беделі мен даналығы соншалық, кейбір ру-тайпалар өз атауын сол аналардың құрметіне қойған. Бұл – қазақ халқының әйелге, анаға деген ерекше құрметінің айқын көрінісі. Ендеше тарихта есімі ру атына айналған аналардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.
Абақ ана – Абақ керейдің ұйытқысы
Орта жүздегі керей тайпасының бір тармағы «Абақ керей» деп аталады. Шежіре деректерінде бұл атау Абақ ананың есімімен байланыстырылады. Абақ ана үйсін Сарымырзаның қызы болған деседі. Жолдасы қайтыс болған соң ұлы Шымырды алып, төркініне қайтады.
Кейін оның ұрпақтарынан тараған рулар бір қауым елге айналып, Жәнтекей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Көнсадақ атты он екі ру «Он екі ата Абақ керей» деген атпен белгілі болды. Осылайша ананың есімі тұтас бір тайпаның атауына айналып, тарихта сақталып қалды.
Алтыншаш ана – бес рулы елдің бастауы
Қыпшақ Тоқтар бидің бәйбішесі Алтыншаш анадан Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық атты бес ұл дүниеге келеді. Осы бес ұлдан тараған ұрпақ өсіп-өніп, уақыт өте келе бес рулы елге айналған.
Шежірешілер бұл аталарды қыпшақ ішінен даралап, аналарының құрметіне «Алтыншаш елі» деп атаған. Бұл да ананың есімі ұрпақтың бірлігін білдіретін белгіге айналғанының көрінісі.
Қызай ана – найман елінің бір тармағы
Бәйдібектің немересі Күнбүбі (Айқыз) найман еліне келін болып түседі. Ақылдылығы, көркі мен парасаты арқылы ол елге сыйлы болады. Уақыт өте келе оның есімі халық арасында «Қызай» деп аталып кетеді.
Содан бері осы ананың ұрпағы «Қызай» руы атанып, найман тайпасының бір тармағына айналған.
Жанат ана – «Сегіз Жанат» ұрпағы
Абақ керейдің ішінде Жәдік атасының екінші әйелі Жанат анадан Қосай, Қыдыр, Тілеке, Байқазан, Байыс, Бұқай, Тоқай, Майма атты сегіз ұл туған.
Осы сегіз ұлдан тараған ұрпақты қазақ арасында «Сегіз Жанат» деп атайды. Бұл – ананың есімі тұтас бір әулетке атау болғанының тағы бір дәлелі.
Қарқабат ана – Қаракесек ұранына айналған есім
Арғын тайпасындағы Мейрамсопының жары Қарқабат ана ерекше құрметке ие болған. Аңыз деректерінде оның жұбайына деген адалдығы мен қамқорлығы туралы айтылады.
Мейрамсопы Қарқабат ананың ықыласына риза болып, батасын берген екен. Сол батаның нәтижесінде оның ұрпағы өсіп-өніп, Қаракесек руының ұранына айналған.
Әлеуке ана – Тарақты ішіндегі ата
Орта жүздегі тарақты тайпасының бір тармағы Әлеуке ананың есімімен аталады. Шежіре бойынша Келістің әйелі Әлеуке баласы болмағандықтан, жақын туысының баласын бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеп өсірген.
Кейін сол ұрпақ өсіп-өніп, «Әлеуке» немесе «Он екі Әлеуке» деген атаумен белгілі болған.
Алтын ана – Алтын-Жаппас атауы
Кіші жүздегі Алтын-Жаппас руының атауы да ананың есімімен байланысты. Алтын ана Қыдырқожаның екінші әйелі болған. Ол өз балаларына қоса Жаппас есімді баланы тәрбиелеп өсірген.
Сол себепті бұл әулет кейін «Алтын-Жаппас» деген атаумен танылып кеткен.
Түрікпен ана – Адай ішіндегі тармақ
Кіші жүз Байұлы тайпасындағы Адай руында «Түрікпен Адайлар» деген атау кездеседі. Бұл атау түрікмен елінен келген ананың құрметіне байланысты қалыптасқан.
Одан туған Тәзіке мен Қосай батырлығымен танылып, ұрпағы кейін үлкен әулетке айналған.
Қаракемпір ана – Шеркеш ішіндегі ру
Шеркеш тайпасының бір тармағы «Қаракемпір» деп аталады. Бұл атау Дербіс батырдың бәйбішесі Зылиха ананың есімімен байланысты.
Өңінің қараторы болуына байланысты ел арасында «Қаракемпір» атанып кеткен ол әулеттің ұйытқысы болып, кейін ұрпағы осы атаумен белгілі болған.
Нұрбике ана – Шаншар әулетінің анасы
Арғын ішіндегі Шаншар әулетінің бір тармағы Нұрбике ананың атымен аталады. Ол Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы болған деген дерек бар.
Нұрбике ананың ұрпағынан қазақтың әйгілі күйші-композиторы Тәттімбет Қазанғапұлы шыққан.
Қазақ халқы ананы әрдайым құрметтеп, оның даналығы мен тәрбиесін ерекше бағалаған. Сондықтан да тарихта көптеген аналардың есімі тек әулеттің ғана емес, тұтас бір рудың атауына айналды. Бұл – ананың қоғамдағы рөлінің, оның ұрпақ тәрбиесіндегі орнының қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді. Ұрпағына өнеге болған осындай аналардың есімі халық жадында сақталып, шежіре арқылы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
