ХХ ғасырдың ауыр кезеңі
Он сегіз мың ғаламдағы күллі адамзат атаулыда дәл қазақ халқындай үш мәрте қолдан ұйымдастырылған алапат аштыққа ұрынып, одан 1937-39 жылдарда тағы да сол қолдан ұйымдастырылған қуғын-сүргінге ұшырап, тірідей тозаққа түсіп тоз-тозы шыққан, халқының жартысынан жуығынан айырылып, зар еңіреп қалған ұлт жоқ шығар, сірә да?!
Бұл сөзіміз біреулерге ұнасын-ұнамасын, біреулер оны жақтырсын-жақтырмасын, бұл – тарихи ақиқат. Өн бойынан қып-қызыл қан саулап тұрған осы ақиқаттың өзін кешегі кеңес үкіметі бертінге дейін бүркемелеп, қажет жерлерін түлкібұлаңға сап өз дегендеріне ыңғайлап, бұрмалап-жырмалап ойларына келгенін істеп келген жоқ па?!
ХХ ғасыр басында үш рет ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қазақ халқының тартқан азабының тарихтағы рөлі мен нақты статистикасын терең әрі нақты зерттеуді қолға алған отандық ғалымдар еш бұрмалаусыз Президент пәрменімен жүзеге асыруда. Осы тақырыптарға жазылған жаныңды қуырып, жүрегіңді паршалайтын естеліктерді тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес.
АШТЫҚ ЖҮРІП ЖАТҚАНДА АСТЫҚ САТҚАН ҮКІМЕТ
«Ашаршылық ақиқаты» кітабының авторы, зерттеуші Сағат Жүсіп, философ Әбдірашит Бәкірұлы ағаларымыздың пікірлеріне көз жүгіртсек. Ашаршылық және қуғын-сүргінді зерттеушілердің есебі әр түрлі, қайшы мәліметтер де бар. Сағат Жүсіп, Табыл Құлияс қатарлы зерттеушілердің есебінше, ХХ ғасырдың басындағы үш ашаршылық кезінде 10-13 млн қазақтың 3,2 миллионы ғана тірі қалған.
Кеңес Одағының ресми деректеріне сенгеннің өзінде, 1930 жылдың жазынан 1933 жылдың жазына дейін 3 млн 379 500 қазақ ашаршылықтың құрбаны болған. Мұның бір миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Бұған 1921-22 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1,7 млн адам шейіт болды. 1937-38 жылдары 110 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңнан астамы атылып кете барды.
XX ғасырдың басында ашаршылық қазақты үш рет айналып соқты. Алғашқысы 1917-1919 жылдардың аралығында болды. Кеңес Одағы құрылуының алды-артындағы соғыс пен малының талан-таражға түсуі – көшпелі халықтың аштыққа ұшырауының бірден-бір себебі.
Мысалы, «Наша газета» (1918 жылдан бастап Қазақстанда шығарылған газет) 1918 жылғы 13 тамыздағы нөмірінде: «Сыр аймағында басталған аштық пен індеттің халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездердегі тарихи деректерден көреміз. Бір ғана 1918 жылдың өзінде «Түркістан халқының 30 пайызы аштықтан қырылған» деп жазыпты.
Екіншісі – 1921-1922 жылдары, Кеңес Одағында болған құрғақшылықтан мал қырылып, қазақтар жиі қоныстанған облыстар тағы ашаршылыққа ұрынады. 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша өлгендердің саны 1 млн 700 мың адамды құраған.
Үшіншісі – 1932-1933 жылдары Одақ басшысы Сталин бастаған орталық билік Голощёкинді Қазақстанға басшылыққа жіберіп «кіші қазан» төңкерісін ұйымдастырды. Дәл осы кезеңде салықшылар халықтың қолындағы бар мал мен астықты тартып алды.
1929 жылғы жаздағы санақта тіркелген 40 млн-нан астам малдан 1933 жылы жазда 4 млн. ғана бас қалған. Жеуге тамақ қалмай, ауыр апатқа ұшырап, миллиондаған адам өлді, өлмегені қу жанын аман сақтап қалу үшін басы ауған жаққа босып кетті. Үкімет босқан халыққа көмек берудің орнына қырылуына жол берді, тіпті емдеуге тыйым салды. Міне, дәл осы тұста қазақ халқы өз тарихындағы сұм кезеңді басынан өткерді.
Ал, енді қазақ жерінде осындай зобалаң аштық жүріп жатқан кезде Кеңес одағы артық астықты шетелге сатып жатты.
«Тағы бір деректі «Знамя» журналының 1989 жылғы нөмірінен (176 б.) оқуға болады. Онда 1928 жылдан бері қарайғы жылдары Кеңес үкіметі қай елге, қанша астық сатқаны жазылған.
Айталық, 1928 жылы бір млн, 1929 жылы 13 млн пұт сатқан, 30 жылы – 48,3 млн пұт, ал 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астық шетке кеткен-ді. Онымен қоймай 1932 жылы 18 миллион пұт астық сатылған.
Сонда «Ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын берсе, сол ашаршылық кезіндегі халықты аштан сақтап қалуға болатын еді» деп «Знамя» журналындағы мақала авторы атап көрсетеді.
Большевиктер тарапынан жасалған жаппай қудалау мен «қырғынның» кесірінен Қазақстанда көз жұмғандардың нақты саны белгісіз. Ғалымдардың зерттеулерінде қырылған қазақтың саны 1,5 миллионнан 4,6 миллионға дейін барады.
1897 жылы ұйымдастырылған халық санағына сенсек, сол жылы Қазақстан территориясында 4,3 миллион адам өмір сүрді. Оның 81 пайызын қазақтар құраған. Содан 20 жыл өте халық саны 6,3 миллионға жетеді. Бірақ, қазақтардың бөлігі 58 пайызға дейін азаяды.
Десе де, қазан төнкерісінен кейін билікке келген большевиктердің асыра сілтеу саясатынан шетке көшкен немесе атылған қазақтар саны арта түседі. Мысалы, 1917-20 жылдары Қазақстан халқы 6,3 миллионнан 4,6 миллионға азаяды. Ал, 1926 жылға қарай қазақтың туу көрсеткішін қосып, қазақ жеріне қоныс аударған орыс, неміс және украиндерді қоса есептегенде халық саны 6,1 миллионға жетеді.
1929 жылдан бастап өсім болмайды, керісінше, күрт азая бастайды. Оған большевиктердің халықты ашық түрде қанай бастауы себеп болды. Дәл сол жылы қазақ байлары мен ауқаттыларын (кулактар) коммунистік партия атшабарларының ұжымдастыру (коллективизация) саясатына қарсылық танытқаны үшін тап ретінде жоюы іс жүзінде көрініс таба бастаған.
Әрине, бұл сандық көрсеткіш орта есеппен алынғаны белгілі. Себебі бүгінге дейін қазақ тарихшылары мен демографтары арасында ашаршылық кезінде қырылған қазақтың санына қатысты тұрақты статистика жоқ.
Мысалы, қазақтың белгілі демографы Мақаш Тәтімнің есебі бойынша, аштық жылдары 2 миллион қазақ қырылып, 600 мыңнан астам қандасымыз шетел асып кеткен.
Сарғая бастаған тарих парақшаларын ақтара бастасаң бұдан да өткен сұмдықтарды оқып, төбе шашың тік тұрады.
АҚИҚАТ КЕШІКСЕ ДЕ, КЕЛІП ЖЕТТІ
2020 жылдың қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлыққа қол қойды.
Көп ұзамай, әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті.
Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.
Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізіп, зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді.
Саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ары қарай жалғастыруда. Арнаулы мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді. Орталық ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастыруда.
