Аксана Каленова: Президент Жолдауындағы міндеттер балалардың игілігіне жұмыс істейді

Президент / Қоғам 9-09-2025, 13:46

ШҚО-дағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл, С. Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушысы Аксана Каленова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында елдің болашағына қатысты ең маңызды стратегиялық мәселелер қамтылғанын атап өтті.

– Биылғы Жолдау ауқымды болды. Онда стратегиялық міндеттер сөз болды. Менің ойымша, кез келген әлеуметтік дамудың негізінде ең алдымен экономиканың өсуі жатыр. Президент осыған ерекше назар аударды. Сонымен бірге цифрлық технологияларды дамыту, оларды реттеу сынды басқа да маңызды тақырыптарды кеңінен қозғады, – деді Аксана Каленова.

Оның айтуынша, өзіне ерекше ұнаған тұсы – Президенттің цифрландыру бағытын нақтылап айтуы. Балалар омбудсменінің пікірінше, заманауи технологияларды дұрыс қолдану балалардың қауіпсіздігін айтарлықтай күшейте алады.

– Айталық, облыстағы IT-лицейде балалар мектепке саусақ ізі арқылы кіреді. Ата-анасы баласының қашан мектепке кіргенін, қашан шыққанын онлайн көріп отырады. Бұл өте ыңғайлы әрі ашық жүйе. Сондықтан жаңа технологияларды күнделікті өмірге енгізу – пайдалы. Бірақ сонымен бірге киберқылмыстың да артатынын естен шығармауымыз керек. Сондықтан Президент халықтың қаржылық сауаттылығы мен цифрлық мәдениетін көтеру туралы тапсырма берді. Бұл өте орынды, – деді ол.

Аксана Каленова қазір қазақстандықтардың интернет-алаяқтықтан көп зардап шегіп жатқанын атап өтті.

– Бұл мәселе балаларға да, қарапайым отбасыларға да әсерін тигізіп отыр. Мысалы, атына алаяқтар 5 миллион теңге несие рәсімдеген бір отбасы үшін бұл өте ауыр жүк. Мұндай жағдайлар отбасындағы балалардың қажеттіліктеріне бөлінетін қаржыға да кері ықпал етеді. Сондықтан Президенттің Жолдауында айтылған тапсырмаларды тиімді орындау – тек елдің дамуына ғана емес, ең алдымен балалардың игілігіне қызмет етеді, – деді ол.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар