Мемлекет басшысына Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы — Nishan-e-Pakistan орденімен марапатталды. Бұл орден ел дамуына айрықша үлес қосқан Пәкістан азаматтарына, сондай-ақ шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жария етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Исламабадта өткен салтанатты рәсімде Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф Мемлекет басшысына жоғары награданы табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан тарапына көрсетілген қонақжайлық пен сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді.

Президент соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Пәкістан арасында мазмұнды саяси диалог қалыптасып, екіжақты ынтымақтастық түрлі салада жүйелі түрде нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Пәкістанның геосаяси орналасуы екі елдің ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен декларацияға қол қойылғанын жеткізді. Бұл құжат екі елдің барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін көрсетеді.

Қазақстан–Пәкістан бизнес форумы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. 

— Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум аясында жалпы құны 200 миллион долларға жуық 30-дан астам келісімге қол қойылған. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық артқан. Қазіргі таңда Қазақстанда Пәкістан капиталының қатысуымен 200-ден астам компания жұмыс істейді.

Президент алдағы уақытта екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Үкіметке Қазақстан мен Пәкістанның бизнес құрылымдары арасындағы ықпалдастықты, оның ішінде Үкіметаралық комиссия шеңберіндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

— Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Біз институционалдық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз. Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді, — деді Мемлекет басшысы.

Сапар қорытындысында Мемлекет басшысы бұл тарихи кездесу Қазақстан мен Пәкістан арасындағы серіктестікке жаңа серпін беріп, екі халықтың ортақ өркендеуіне қызмет ететініне сенім білдірді.


Altainews.kz 

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter