ШҚО-да жүрек ауруларына қатысты жағдай: негізгі деректер жарияланды

Өскемен 8-07-2025, 15:51

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының халқы 724 мың адамды құрайды. Оның ішінде 638 мыңы – ересектер, 13 мыңы – жасөспірімдер, 71 мыңы – балалар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша табиғи өсім 15,6%-ға төмендеген. Туу көрсеткіші де азайған: 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 9,60-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,2%-ға аз. Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Капанова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баяндады. 


Сонымен қатар, өңірде жалпы өлім-жітім бойынша оң динамика байқалады – 2025 жылдың алғашқы үш айында көрсеткіш 7,0%-ға азайған. Алайда осы жағдайға қарамастан, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім артып келеді.


Атап айтқанда, 2025 жылдың алғашқы үш айында қан айналымы жүйесі ауруларынан қайтыс болғандар саны 5,2%-ға өсіп, 100 мың адамға шаққанда 238,31-ден 250,66-ға дейін жеткен. Ең жоғары өсім Улан ауданында тіркелді – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артқан, өсім – 11 жағдай; Риддер қаласында – 1,4 есеге артқан, өсім – 13 жағдай; Тарбағатай ауданында – 1,3 есеге артқан, өсім – 2 жағдай.


2025 жылдың басынан бастап облыста қан айналымы жүйесі ауруларын ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жүргізілуде. Жоспар бойынша 3272 адам тексерілуі тиіс болса, 1 маусымға дейін 2369 адам тексеруден өтті — бұл жоспарланған топтың 72%-ын құрайды. Тексерілген азаматтардың ішінде 55 адамда жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары анықталды: 48-інде артериялық гипертензия, 7-інде ишемиялық жүрек ауруы. Тереңдетілген тексеруден кейін 36 пациент диспансерлік есепке алынды.


Мамандардың айтуынша, медициналық көмектің қолжетімділігі мен профилактикалық шараларға қарамастан, жүрек аурулары өлім-жітім себептері арасында әлі де алдыңғы орында тұр. Халықтың денсаулығын сақтау үшін тұрақты тексерулер, дер кезінде ем алу және салауатты өмір салтын ұстану — негізгі шешім болып қала береді.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар