Ұрланған 145 миллион теңге: мектеп-гимназия-интернат есепшілері сотталды

Өскемен қаласында Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының бас есепшісі мен бухгалтері сот үкімімен кінәлі деп танылды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп, ысырап еткені үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
55 жастағы сотталушылардың екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Сот залынан бірден қамауға алынды. 2024 жылдың қазан айынан бері олар үйқамақта болған.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылардан мемлекет пайдасына 1 373 424 теңге процессуалдық шығын және “Сот сараптамасы” ЖШС пайдасына 212 328 теңге өндіріп алынатын болды.
Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі бойынша екі есепші 144 622 868 теңге материалдық шығынды бірлесіп өтеуге тиіс. Бұл сома үкім заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде төленуі қажет. Бұдан бөлек, олар 4,3 миллион теңгеден астам мемлекеттік баж салығын да тең бөліп төлеуі тиіс.
Облыстық білім беру басқармасында Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры өз қызметінен босатылғанын хабарлады.
Фото: depositphotos.com