1 млрд теңгеден астам залал: «Deluxe Town» мен «Astoria» ісі бойынша сот нүкте қойды

Өскемен 26-05-2025, 17:58

Өскемен қаласында «Deineka» ЖШС құрылыс компаниясы салуы керек болған «Deluxe Town» және «Astoria» тұрғын үй кешендерінің құрылысына байланысты ұзаққа созылған сот ісі айыптау үкімімен аяқталды, деп ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра Altainews.kz тілшісі хабарлайды.


«Deineka» құрылыс компаниясының сол кездегі басшысы А. Давлетьяров аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін “кінәлі” деп танылды.

Сот анықтағандай, айыпталушы 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта үлестік құрылысқа қатысқан 85 азаматты және «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ны алдап, олардың қаржысын иемденген. Келтірілген жалпы шығын 1 миллиард теңгеден асты.

Аталған қаражат Өскемен қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына тартылған. Алайда компанияның үлескерлердің қаражатын тартуға заңды құқығы болмаған, құрылыс жұмыстары өрескел заңбұзушылықтармен жүргізілген және нысандар аяқталмай қалған. Соған қарамастан, Давлетьяров азаматтарды жаңылыстырып, олармен жаңа келісімшарттар жасауды жалғастырып, алынған қаржыны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жымқырылған қаржыға сатып алынған мүлік тәркіленіп, оған 10 жылға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Бұл үкім – азаматтардың сенімін теріс пайдаланудың, әсіресе үлестік құрылыс саласындағы заңбұзушылықтардың жазасыз қалмайтынының айқын дәлелі. Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы тарапынан мемлекет пен құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қатаң шара қолданатынын ескертетіні жеткізілді.

фото: ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінен

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар