Ақорда төріндегі әсерлі кездесу: Шығыс Қазақстанның дарынды оқушылары Ел резиденциясында болды

ШҚО Білім басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған озат оқушылар үшін Ақордада ерекше экскурсия ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының резиденциясын аралау бақытына ие болғандар қатарында Шығыс Қазақстан облысынан да бес талантты оқушы бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Глубокое ауданындағы О. Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Айару Серік, Өскемен қаласындағы №19 білім беру орталығының 6-сынып оқушысы Елизавета Великанина, Ы. Алтынсарин атындағы №39 мектептің 5-сынып оқушысы Бақытгүл Әлтайыр, Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы Даниил Когай және Зайсан ауданындағы Шекерашы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Балған Нұржанқызы елорда төрінде ұйымдастырылған маңызды шараның қатысушысы болды.
Балалар Ақорданың кітапханасы мен салтанатты залдарын аралап, ел тарихымен, мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері туралы тың мәліметтерге қанықты. Ел Президентінің жұмыс кеңістігін көріп, тарихи жәдігерлер мен ұлттық құндылықтарға құрметпен қараудың маңызын терең сезінді.
Экскурсия соңында жас қонақтарға естелік сыйлықтар табысталып, жарқын естеліктерге толы сәттер суретке түсірілді.