ҚР Президенті «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы ел көлемінде кең ауқымда жүзеге асып жатыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Самал» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Сондай-ақ жауапты ведомство басшылары атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке қаланы абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру және қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл елордада 173 қоғамдық кеңістік пен аула жаңғыртылып, 1,1 миллион түп жасыл желек егу жоспарланған.

Негізгі жобалардың бірі – тұрғындар жиі келетін «Самал» саябағын жаңарту. Аталған аумақ отбасылық демалысқа, спортпен шұғылдануға және мәдени іс-шараларға арналған заманауи кеңістікке айналмақ.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, акция басталғалы екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылған.

Жыл сайын бастамаға 6,5 миллион адам, оның ішінде 780 мың волонтер қатысады. Ал 2021–2025 жылдары орман қорын толықтыру үшін 1 миллион гектардан астам аумаққа 1,6 миллиардтан аса көшет егілген. Елді мекендерде соңғы бес жылда 18,4 миллион ағаш отырғызылды.

Алдағы кезеңде 1,7 миллион гектар аумақты қамтитын 46 жаңа экологиялық аймақ құру жоспарланып отыр.

Іс-шара барысында өңірлермен бейнебайланыс орнатылып, Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері мен эковолонтерлер жалпыұлттық акция аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter