«Жазықсыз жапа шеккендер – жадымызда»

Өскемен 31-05-2025, 12:05

Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты танымдық кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шараға мәдениет саласының ардагерлері, өлкетанушылар, еңбек майталмандары, мектеп оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Жиын барысында қатысушылар қуғын-сүргін жылдарындағы қоныс аударушылардың санына қатысты тарихи деректермен бөлісіп, нақты адамдардың тағдыры арқылы сол кезеңнің ауыр шындығын жеткізді. Сондай-ақ, жазықсыз жапа шеккендерді ақтау үдерісінің қалай жүргені туралы баяндады.

Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 311 мыңнан астам азаматтың абыройын қайтарып, әділеттілікті қалпына келтіргені айтылды.

– Жуырда маған 102 жастағы Полян ауылының тұрғыны Кауа Олжабаева хабарласты. Ол бүкіл өмірін әкесінің тағдырын білуге арнаған. Әкесі – Орловка ауылындағы молда – 1942 жылы репрессияға ұшыраған. Әйел адам оны лагерьге айдалды деп ойлап келген. Алайда мен мұрағат құжаттарын зерттей келе, Құсайын Олжабаевқа тіпті айып та тағылмағанын анықтадым. Ол НКВД (халықтық ішкі істер комиссариаты) тергеу абақтысында, діннен бас тартудан және уағызшылық қызметінен бас үзуден бас тартқаны үшін қаза тапқан. Бұл – сол зұлмат жылдардағы мыңдаған қайғылы оқиғаның бірі ғана, – дейді архив қызметкері, өлкетанушы Алдияр Аубакиров.

Қала әкімінің орынбасары Ирина Смит мұндай кездесулер жас ұрпақтың тарихи жадысын тәрбиелеуде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Шара аясында сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған жерлесіміз, бұрынғы Улан ауданының бірінші хатшысы Абдрахман Айдарбеков туралы деректі фильм көрсетілді. Қатысушылардың айрықша назарын аудартқан бұл туынды қайғы мен қайсарлыққа толы бір тағдырдың беймәлім беттерін ашты.

Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

– Бұл қайғы қазақ даласына күштеп қоныс аударылған көптеген халықтың тағдырын тоғыстырды. Архив құжаттарын зерделей жүріп, тұтқындарға қандай ауыр жағдайда өмір сүруге тура келгеніне куә болдым. Мұндай тарихи шындықты ашық айту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өйткені еркіндіктің бағасын білу – болашақта сондай қателіктерге жол бермеудің кепілі, – деді мәдениет саласының үздігі, архивист Алдияр Аубакиров.

Кездесу мектеп оқушыларының жүрек тебірентер өлеңдер оқуымен қорытындыланды. Жиынға қатысушылар мұндай шаралар жас буынның ел тарихына деген терең түсінігін қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтатынын атап өтті.

Роксана Глыбова
Фото/видео: Екатерина Семина

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар