Астанадағы әскери шеруге ШҚО ардагерлері де қатысты

Бүгін Астанада Жеңіс күніне арналған әскери парад өтіп жатыр. Бұл айтулы шараға Шығыс Қазақстан облысынан да бірқатар ардагерлер мен тыл еңбеккерлері арнайы шақыртылды, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Олардың бірі – Алтай ауданы, Серебрянск қаласынан келген тыл ардагері Юрий Васильевич Наволодский. Ол Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға алғаш рет қатысып отыр.
Юрий Васильевич сондай-ақ Астананың көрікті жерлерін аралап, қаладағы қонақжайлыққа ризашылығын білдірді.
Мерекелік шара аясында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, соғыс жылдарындағы ерліктері еске алынды.
Астана қаласында өткен Жеңіс парадына Шығыс Қазақстан облысынан арнайы делегация қатысты. Делегация құрамында Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов, тыл ардагерлері мен облыстың ардагерлер кеңесінің өкілдері болды. Парад барысында Құрмат Рахымұлы еліміздің Президенті мен Премьер-министрінің жанында құрметті орында отырды. Бұл оның ерлігі мен Ұлы Жеңіске қосқан үлесінің ерекше бағаланғанының белгісі.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан делегациясы құрамында майдан даласында қажырлы еңбек еткен тыл ардагерлері мен облыстың беделді тұлғалары болды. Атап айтқанда, тыл ардагерлері Күлзағи Әлиханова, Елена Ступак ардагерлер қатарынан орын алды.
Шараға Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шерубаев Айтқазы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштер ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Храмцов Виктор және «Ауған соғысы ардагерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мусин Қайрат та қатысты.
Фото: Ақорда