Тұғылдағы бөбекжайдың бүлдіршіндері тыл ардагерін құттықтады

Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылы "Жасұлан" бөбекжайының тәрбиеленушілері осы ауылдағы тыл ардагері Садықова Рәш апаның шаңырағына барып, қарияны Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдына келіп, тақпақтарын айтып, ақ жүректерінен шыққан әндерін шырқаған сәбилерді құшағына алған ардагер апа бүлдіршіндерді ертіп әкелген тәрбиешілеріне де алғысын жаудырды. Мәре-сәре болып, ардагерге өздерінің шынайы құрметін білдіріп, мерекелік көңіл күй сыйлаған бала жүрегі де шаттанды бұл күні.
Айта кетейік, Жеңіс мерекесі қарсаңында Тарбағатай ауданы мектептерінің оқушылары барлық ауылдардағы тыл еңбеккерлеріне тәттілер себеті мен сыйлықтар апарып, құттықтап жатыр. Бүгін “К.Төгісов атындағы орта мектебі” КММ оқушылары тыл ардагері Сабиев Болатхан атаны үйіне барып мерекемен құттықтады. Ал,Тұғыл ауылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің оқушылары тыл ардагері Рахимова Маруаш апаны үйіне барып, мерекемен құттықтап қуантты.