Мемлекет басшысы: «Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып»
«Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын.
Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып.
Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз.
Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым»
«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек.
Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр.
Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда.
Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар.
Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл.
Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы».
Президент: «Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты»
«Қазақ тілі» қоғамының бұл құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр.
Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр.
Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті.
Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік.
Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық.
Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты.
Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін, кең байтақ жеріміздің тұтастығын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас.
Баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз!»
Мемлекет басшысы: «Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды»
«Бірақ, ашығын айтуымыз керек, Егемендігімізді қорғауға қатысты мәселенің бәрі толығымен шешімін тапты десек, үстірт пікірге тең болар.
Алдымызда ауқымды және кезек күттірмейтін, маңызды әрі күрделі міндеттер тұр.
Халықаралық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Әлемде саяси, экономикалық, идеологиялық шиеленістер ушығып тұр. Осындай алмағайып кезеңде әлемнің болашағын болжау өте қиын екені түсінікті.
Мұндай заманға біздің бір ғана жауабымыз бар. Бұл – бірлігімізді бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұмылдырып, ұлттық жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету.
Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз.
Біз осы міндеттерді табысты орындасақ, жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын аламыз. Сондықтан Конституцияда қазіргі заман талабына сай білім мен ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді.
Ұлтымыздың бас құжатында, яғни Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды».
Президент: «Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық»
«Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз.
Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар.
Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз.
Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады.
Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты.
Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді»
«Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес.
Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.
Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық.
Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.
Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді».
Президент: «Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда»
«Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті.
Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты.
Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек»
Мемлекет басшысы: «Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналуда»
«Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей.
Ал, бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр.
Халқымыз «Елдестірмек – елшіден» деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас.
Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды.
Сондықтан біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?!
Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді»
«Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз.
Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр.
Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.
Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген.
Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек».
Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды
«Ең біріншіден, алдымызда қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті тұр.
Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз.
Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын.
Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет.
Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді.
Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек.
Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес».