8-бап: Қазақстанда меншіктің барлық түріне тең құқықтық қорғау кепілдік беріледі

Қазақстан Республикасының Конституциясының 8-бабында меншік құқығын қорғау, оны пайдалану тәртібі және табиғи ресурстарға қатысты негізгі конституциялық қағидаттар айқындалған.

Аталған бапқа сәйкес, Қазақстанда меншіктің барлық түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және заң алдында тең қорғалады. Бұл норма меншік иелерінің құқықтарын қорғауға және елдегі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар меншік құқығын жүзеге асыру белгілі бір талаптарға сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда, мүлікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келіп, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауы қажет. Сондай-ақ басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарының көлемі мен шегі, сондай-ақ оларды қорғау кепілдіктері заңмен айқындалады.

Баптың маңызды тұстарының бірі – табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенінің конституциялық деңгейде бекітілуі. Атап айтқанда, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халықтың меншігі болып саналады. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

Сонымен бірге жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter