6-бап: Қазақстанда саяси және идеологиялық әралуандық қағидаты бекітілді
Қазақстан Республикасының Конституциясының 6-бабында елдегі саяси және идеологиялық әралуандықты қамтамасыз ету, қоғамдық бірлестіктердің қызметін реттеу және ұлттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған негізгі қағидаттар айқындалған.
Аталған бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады. Барлық қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Сонымен қатар мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің бір-бірінің қызметіне заңсыз араласуына жол берілмейді. Мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға да тыйым салынады.
Бапта конституциялық құрылысқа, елдің аумақтық тұтастығына, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне шектеу қойылған. Сондай-ақ соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және діни араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге, заңсыз әскерилендірілген жасақтар құруға тыйым салынады.
Сонымен қатар басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, сондай-ақ діни негіздегі саяси партиялардың қызметіне жол берілмейді. Саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік ұйымдардың, шетел азаматтарының, халықаралық ұйымдардың және өзге де шетелдік субъектілердің қаржыландыруына тыйым салынады.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – коммерциялық емес ұйымдардың шетелден алатын қаражаты мен активтері туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету талабы. Мұндай мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімді болуға тиіс.
Осылайша, 6-бап саяси және идеологиялық әралуандықты мойындай отырып, қоғамдық бірлестіктер қызметінің заңдылығын, қаржылық ашықтықты және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
