Президент Жолдауы: ШҚО-да тапсырмаларды іске асыру жұмыстары басталды
Үкіметтің кеше өткен отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалды. Енді осы міндеттерді өңірлік деңгейде орындау мәселесі қарастырылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінде 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауды іске асыруға арналған актив отырысы өтіп жатыр.
Жиынға облыстық басқармалардың басшылары, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өкілдері және Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының сарапшылары қатысуда.
Жолдауда белгіленген міндеттерді өңірде жүзеге асыру үшін қабылдануы тиіс шешімдер, қолға алынатын жобалар және жауапты құрылымдардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқылануда. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына және Президент тапсырмаларын нақты іске асыруға басымдық беріліп отыр.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары ел дамуының 12 негізгі бағытын қамтиды. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымды жаңғырту, халықты әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, жалақыны арттыру және қазақстандықтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін өзге де міндеттер бар.
фото, мәтін Altay news
