Зайсан мен Катонқарағай әуежайлары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру және авиациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары Жолдауда белгіленген міндеттер аясында жүзеге асырылуда.

2026 жылдың соңына дейін Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, Алматы және Үржар әуежайлары жаңғыртылып, Шымкентте екінші ұшу-қону жолағы салынуда. Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау және Арқалық әуежайын қайта ашу жұмыстары да жүргізілуде.

Бұдан бөлек, халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейту көзделген. 2026 жылғы 30 қарашада Алматы – Токио бағыты бойынша алғашқы рейс жоспарланса, 2027 жылы Вена, Нью-Йорк, Милан және өзге де қалаларға жаңа әуе бағыттарын ашу жоспарланып отыр.

Аталған жобалар Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау және еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында іске асырылуда.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter