Азық-түлік қауіпсіздігін қадағалайтын тәжірибелі маман
15 қыркүйек – елімізде Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні. Кәсіби мерекеге орай Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Калибасова Гүлнар Советкановна туралы баяндаймыз.
Гүлнар Советкановна санитариялық-эпидемиологиялық салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Гигиена, санитария, эпидемиология» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын санитар дәрігер болып бастады. Кейін жоғары оқу орнында физиология, гигиена және эпидемиология пәндерінен сабақ берді.
2003 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Оның кәсіби қызметінің негізгі бөлігі азық-түлік өнімдері мен тамақтану объектілерінің қауіпсіздігін қадағалаумен байланысты. Гүлнар Калибасова сауда орындары мен базарларда санитариялық талаптардың сақталуын бақылап, кейін осы бағыттағы бөлімдерге жетекшілік етті.
2020 жылдан бері ол Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде Тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Бөлім қоғамдық тамақтану орындарындағы санитариялық жағдайды, тағам өнімдерін сақтау, дайындау және ұсыну талаптарының орындалуын бақылайды. Өндірістік үдерістердің ұйымдастырылуы, қызметкерлердің жеке гигиенасы мен санитариялық нормалардың сақталуы да мамандардың тұрақты назарында.
Басшы ретінде Гүлнар Калибасова бөлім жұмысын үйлестіріп, мамандардың қызметін ұйымдастырады. Көп жылғы тәжірибесін тағамнан туындайтын қауіптің алдын алуға және тұрғындарды сапасыз өнімнен қорғауға бағыттап келеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің құрылымы мен жұмыс тәсілдері бірнеше рет өзгергенімен, оның кәсіби ұстанымы өзгерген жоқ. Негізгі міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қадағалап, халық денсаулығын қорғау.
2022 жылы Гүлнар Калибасова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – оның саладағы көп жылғы еңбегіне берілген баға.

