Құрылтай сайлауы: ШҚО-дағы дайындықтың жай-жапсары пысықталды
Өскеменде 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша ШҚО мемлекеттік органдары өкілдерімен кеңес өтті. Жиында сайлау учаскелерінің дайындығы, комиссия мүшелерін оқыту, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және дауыс беру күні қауіпсіздікті сақтау мәселелері талқыланды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, қазір ОСК мүшелері өңірлерге шығып, сайлауға дайындықтың қалай жүріп жатқанын тексеріп жатыр. Шығыс Қазақстандағы жұмыс барысында да бірнеше негізгі бағытқа назар аударылған.
Оның айтуынша, сайлау комиссиясы мүшелерінің заңды білуі ғана емес, оны дауыс беру күні дұрыс қолдана алуы да маңызды.
Михаил Бортник Шығыс Қазақстандағы сайлау комиссиялары мен учаскелерінің қазіргі дайындығына қатысты да пікір білдірді.
Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген. Дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Михаил Бортник сайлау процесіне жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдар тартылғанын атап өтті.
Сайлау барысындағы маңызды бағыттың бірі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл жұмысқа полиция да алдын ала кіріскен. ШҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишиннің айтуынша, полиция аумақтық сайлау комиссияларымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Қазір полиция сайлау учаскелерінің қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Әсіресе қауіпсіздік тұрғысынан осал нысандарға басымдық берілген.
Полиция сайлау алдындағы үгіт жұмыстарына қатысты жағдайды да бақылауда ұстап отыр. Патрульдік полиция қызметкерлері үгіт материалдары орналастырылған орындарды күн сайын тексереді. Бұл ретте бейнебақылау жүйелері де қолданылады. Камералар Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдеріне қосылған.
Қазір Шығыс Қазақстанда сайлауға дейінгі дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Оған сайлау комиссияларының жұмысын пысықтау, мүшелерді оқыту, учаскелерді қажетті құралдармен қамтамасыз ету және қауіпсіздік шараларын тексеру кіреді. Орталық сайлау комиссиясы мен өңірдегі мемлекеттік органдардың алдында тұрған негізгі міндет – 23 тамыздағы дауыс берудің заң талаптарына сай, қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету.

