Жаңа баспана – жаңа үміт: Өскеменде ондаған отбасы қоныс тойын тойлады

Өскемен қаласында тағы 30 отбасының көптен күткен арманы орындалып, олар Ілияс Есенберлин даңғылындағы жаңа тұрғын үйден пәтер кілттеріне ие болды. Бұл күн – жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін ерекше тарихи сәтке айналды. Жаңа қонысқа ие болғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, толық емес отбасылар және әлеуметтік жағынан осал санаттағы өзге де азаматтар бар.


Жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты жағдайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыс етті. Қуанышқа толы шараға жиналған тұрғындар үшін бұл күн тек баспаналы болған сәт емес, жаңа өмірдің бастауы болды. Көптеген отбасы бұл қуанышты сәтті он жылдан астам уақыт бойы күткен.

Солардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Алмагүл Теміржанова. Ол ІІ топтағы мүгедектігі бар қызын жалғыз өзі күтіп-баптап келеді. Отбасы тұрғын үй кезегіне 2012 жылы тұрған. Содан бері талай жыл жалдамалы пәтерде тұрып, өз шаңырағына қол жеткізуді армандаған.

Бүгінде олардың көптен күткен арманы орындалып, үш бөлмелі жаңа пәтердің иесі атанды.

– Біздің отбасымыз үшін бұл ерекше күн. Қызым тұрақты күтімді қажет етеді. Сондықтан өз баспанамыздың болуы – біз үшін үлкен сенім мен ертеңгі күнге деген үміт. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ облыс басшылығына тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асырып, бізге осындай қуаныш сыйлағаны үшін ризашылығымды жеткіземін, – дейді Алмагүл Теміржанова.

Бұл күн Татьяна Михайлева үшін де өміріндегі ең қуанышты сәттердің біріне айналды. Жолдасынан айырылғаннан кейін ол үш баласын жалғыз тәрбиелеп, 2012 жылдан бері толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған. Салтанатты рәсім барысында екі бөлмелі пәтердің алғашқы кілті дәл осы Татьянаға табысталды.

– Біз бұл күнді ұзақ күттік. Енді балаларым өз үйінде өсіп, қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүретін болады. Мемлекетке, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және біз секілді қолдауға мұқтаж отбасыларға әрдайым көңіл бөліп жүрген облыс басшылығына зор алғысымды білдіремін. Бұл – біздің өміріміздегі жаңа кезеңнің басталуы, – дейді ол.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа қоныс иелерінің бірнеше пәтеріне арнайы барып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады. Алмагүл Теміржанованың шаңырағына бас сұғып, отбасы мүшелеріне ізгі тілегін айтып, сыйлық ретінде жаңа теледидар тарту етті.

Кездесу барысында өңір басшысы тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Өткен жылдан бері біз «Отбасы банкімен» тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлығының деректері цифрлық жүйеде жинақталған. Әрбір өтініш жан-жақты зерделеніп, арнайы комиссиялардың қарауынан өтеді. Жергілікті атқарушы органдар құрылысқа қажетті жер телімдерін бөліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруіне барлық жағдай жасап отыр. Біз алдағы уақытта да Президенттің халықты баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде орындауды жалғастырамыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі тұрғын үй құрылысы инженерлік инфрақұрылымды дамытумен қатар жүргізіліп жатқанын да айтты. Жаңа шағын аудандарда автомобиль жолдары салынып, су, электр, жылу және кәріз желілері тартылуда. Бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл Шығыс Қазақстан облысында үш мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа баспаналардың иелері қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін өзге де тұрғындар болады.

Мұндай бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Әсіресе бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін өз баспанасының болуы – тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және болашаққа деген сенімнің кепілі.

Жаңа пәтердің кілтін алған әрбір отбасының жүзінен қуаныш пен толқуды байқауға болды. Олардың айтуынша, бұл күн – көп жылғы күткен үміттің ақталған, армандарының орындалған сәті. Енді бұл шаңырақтарда баланың күлкісі естіліп, береке мен бақ орнап, жаңа үй жаңа жетістіктер мен жарқын болашақтың бастауы болмақ.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter